SemeyLand командасы халықаралық бағдарламалау чемпионатының облыстық кезеңінде жеңімпаз атанды
Шәкәрім университетінің SemeyLand командасы International Collegiate Programming Contest (ICPC) Халықаралық спорттық бағдарламалау чемпионатының облыстық кезеңінде жоғары нәтиже көрсетіп, Абай облысы бойынша 1-орынға ие болды.
Команда үздік алгоритмдік дайындықтың, жылдам ойлаудың және жоғары деңгейдегі командалық жұмыстың арқасында келесі кезеңге жолдама алды. Жартылай финал 15–16 желтоқсан күндері Алматы қаласында өтеді.
ICPC – студенттер арасындағы ең беделді және әлемдік деңгейдегі чемпионаттардың бірі. Бұл байқауда қатысушыларға қысқа уақыт ішінде күрделі есептерді тиімді шешу, алгоритмдерді дұрыс құра білу және үлкен жауапкершілікпен жұмыс істей алу талап етіледі. Мұндай жарыстар болашақ IT-мамандарының кәсіби дамуына зор ықпал етеді.
SemeyLand командасының бұл жеңісі – Шәкәрім университетінің сапалы білім беру жүйесінің, студенттердің еңбегі мен табандылығының айқын дәлелі. Сонымен қатар, бұл оқиға өңірдегі IT саласының дамуына серпін беретін маңызды жетістік болып саналады.
Университет басшылығы мен профессорлық-оқытушылық құрамы команданы шын жүректен құттықтай отырып, алдағы кезеңдерде де сәттілік, шабыт және жаңа жеңістер тілейді.
SemeyLand – өңір намысын қорғап, биік белестерді бағындыруды жалғастыруда!
