Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі19 мамыр 2022форум

АМАНТАЙ МҰҚАТАЕВ АТЫНДАҒЫ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН ЗАМАНАУИ КАБИНЕТ

Бүгін Шәкәрім университетінде #ShakarimForum аясында «Құрмет» орденінің иегері, университет түлегі Амантай Мұқатаев атындағы мамандандырылған қой шаруашылығы кабинетінің салтанатты ашылуы өтті. Ашылу рәсімі Семей зооветеринарлық институтының 70 жылдығына тұспа-тұс келіп отыр.
Шараға университет басшылығы, Абай ауданының әкімдігі, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің өкілдері, профессор-оқытушылар құрамы, ЖОО білім алушылары және ауыл шаруашылығы саласының өкілдері қатысты.
Амантай Мұқатаев жергілікті қой тұқымдарын жетілдіру мақсатында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге ат салысқан. Оның бастамасымен 3 кандидаттық диссертация сәтті қорғалып, университеттің ғылыми әлеуетін көтеруге оң ықпал еткен.
Шарада алғашқы құттықтау сөзді Басқарма төрағасы Бауыржан Ердембеков алды. Ректор өз сөзінде аталған іс-шараның маңыздылығына тоқталды.
Саналы ғұмырын ауыл шаруашылығына арнаған, мал шаруашылығы саласында кадрларды даярлау қызметінде сүбелі үлес қосқан атымтай азаматтың өмірі өскелең ұрпаққа үлгі екендігін тілге тиек етіп, оқу ордасының мәртебелі марапаты «Шәкәрім» медалін табыстады.
Өз кезегінде Амантай ақсақал білім ошағының бүгінге дейін атқарылған жұмыстары аз емес екенін атап өтіп, қара шаңырақтың берекелі ұжымына және жас білім алушыларына толағай табыстар тіледі.
Трансформациялық үлгіде жабдықталған заманауи кабинеттің лента қию рәсімін Абай ауданының әкімі Н.Әбдікәрімов, ветеринария ғылымдарының докторы, профессор З.Тоқаев пен С.Дүйсенов жүргізді.
Мамандандырылған кабинет базасы кездейсоқ таңдалмаған. Амантай Мұқатаев зооветеринарлық институтының студенті атанып, кейін туған өлкесі Абай ауданында халық игілігі жолында қажырлы еңбек еткен құрметті азамат.
Амантай Мұқатаев пен университет ұжымын құттықтауға қаладан және алыс-жақын елді мекендерден халықтың қарасы аз болмады.
Атаулы кабинетте осыдан былай ветеринария мамандығы студенттерінің лабораториялық және практикалық сабақтары өтетін болады. Кабинеттің ішкі мазмұны студенттердің білімді тез игеруіне ақпаратты жаңаша бағытта қабылдауына септігін тигізеді.
Білім алушыларымыз үшін құтты болсын!