Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі23 маусым 2023диплом, жас маман, ақ жол

БОЛАШАҚ МАМАНДАР ҚАНАТ ҚАҚТЫ

Қалаған оқу орнына түсіп, диплом алу — әрбір жастың өмірлік арманы. Биылғы диплом табыстау кеші ұлы ойшыл, ақын Шәкәрім Құдайбердіұлының 165 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келді. Гуманитарлық-экономика факультеті 14 білім беру бағдарламасы бакалавры, 16 магистратура және 1 PhD докторантура жүйесі бойынша білім беруде.
Диплом табыстау кешінде филология ғылымдарының докторы, профессор, абайтанушы ғалым Бауыржан Ердембеков болашаққа қадам басып келе жатқан барша бітіруші түлектерге жүрек жарды құттықтау сөзін арнап, қиын сынақтардан сүрінбей, білімдері мен біліктіліктерінің арқасында биіктерді бағындыра беріңдер деген ізгі тілегін білдірді.
Салтанатты кешке университет басшылығы, әлеуметтік серіктестер, профессор-оқытушылар құрам мен ата-аналар және болашақ маман иелері қатысты.
Гуманитарлық-экономика факультеті өзінің білім беру қызметін педагогика, психология, экономика, тарих, менеджмент, дизайн, музыка салалары бойынша білікті мамандар даярлайды. Ағымдағы оқу жылында бакалавр бойынша 204 күндізгі бөлім студенті аяқтаса, оның 62-і үздік диплом иесі атануда. 96 түлек магистратураны, 2 түлек докторантураны, 120 түлек қашықтықтан білім беру технологиялары бойынша университетті тамамдады.
Түлектердің ендігі мақсаты университетте алған білімдерін тәжірибемен ұштастыра отырып, еңбек нарығында бәсекелестік қабілеті жоғары маман болу. Салтанатты жиын барысында түлектер ән-жырдан шашу шашып, білім алған ордасына, ұстаздарына алғыстарын білдірді.
Болашаққа бағыт алған дарынды түлектеріміз еліміздің білікті, тәжірибелі маманы болсын! Жолың болсын, ЖАС МАМАН!