Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі26 сәуір 2024жәрмеңке, педагогика

БОС ОРЫНДАР ЖӘРМЕҢКЕСІ: ПЕДАГОГИКА САЛАСЫ 2024

Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын жетілдіру мәселесі қоғамдағы адами фактормен тікелей байланысты, себебі жан-жақты дамыған, бәсекеге қабілетті жастар мен құзіретті мамандар ғана қоғамның өркендеп дамуына елеулі үлес қоса алады. Әсіресе осы мәселеде педагогтарға басым күш түсетіні сөзсіз. Сол себепті педагогтарға қойылатын талап пен қатар жасалып жатқан мүмкіндіктер де күшеюде.
Бүгін Shakarim University қабырғасында педагогикалық білім бағыты бойынша білім алып, санаулы күннен кейін ағартушылық қызметке жолдама алатын студенттеріміз бен жұмыс берушілерді тоғыстыратын “Бос орындар жәрмеңкесі - 2024” өтті.
Жәрмеңке жұмысына әкімдік, білім басқармалары, жұмыспен қамту орталықтары, Астана қаласы, Абай, Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстарының білім беру ұйымдарының өкілдері, яғни 132 жұмыс беруші қатысты.
Жыл сайын қаншама жастар педагог мамандығын игеріп, диплом алғанымен, грант саны жылдан-жылға көбейіп жатқандығымен, педагогикалық салада кадр тапшылығы азаяр емес. Оның бірден-бір дәлелі: жұмыс берушілердің географиясының ұлғаюы.
Жәрмеңке 2 бөлімнен тұрды. Бірінші бөлімді Басқарма мүшесі - академиялық мәселелер жөніндегі проректор Индира Оралканова ашып, көпсалалы мамандарды даярлайтын оқу орнының бітіруші түлектерін жұмыспен қамту орайында өткізілген бірқатар шараларға тоқталды.
-Осы тұрғыда педагогика саласында білікті мамандарды даярлау үшін барынша қолайлы жағдайлар жасап келеміз. Мәселен, студенттерімізге ең тиімді және инновациялық білім беру ортасында білім алуға мүмкіндік беру үшін заманауи үлгіде жабдықталған мамандандырылған кабинеттер жасақталуда. Ал ең басты акцент, әрине ішкі мазмұнның жаңаруы мен кадрлық әлеуетті күшейтуге қойылуда. Осы орайда, болашақ педагогтарды даярлауға ғалымдармен бірге практик мамандардың белсенді тартылуы өзінің оң нәтижесін көрсетуде. Бұдан бөлек, педагогикалық салада жедетілген білім беру бағдарламалары іске қосылғандығын айта кеткен жөн. «Мектепке дейінгі білім беру және балалар психологиясы» мен «Информатика және робототехника» білім беру бағдарламаларын 3 жылда меңгеруге бірегей мүмкіндік бар. Бұл біздің өңірде болашақ педагогтарға кәсіби қызметін тезірек бастауға мүмкіндік беретін жаңа ұсыныс,- деді проректор.
Өз кезегінде спикерлер білім беру саласындағы кадрларды даярлау мәселесін талқылады. Қазіргі таңда орыс тілі, математика, физика, музыка мұғалімі сияқты мамандарға сұраныс өте жоғары. Жиында Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасының Шемонаиха ауданы бойынша білім бөлімімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Іс-шараның екінші бөлімінде жұмыс берушілердің түлектердің түйіндемесімен танысуына және face-to-face кездесуіне мүмкіндік берілді.
Педагогикалық бағытта өткізілген жәрмеңкеге 323 студент пен 132 жұмыс беруші қатысып, нәтижесінде 200-ден артық бітіруші курс студенттері алдын-ала келісімге келді.