Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі28 сәуір 2022форум

«EDTALKS – 2022» ӨҢІРЛІК ФОРУМЫ: ЖАС ПЕДАГОГТЕРДІҢ КӘСІБИ ҚҰЗЫРЕТТІЛІГІН ДАМЫТУ

Жаңартылған білім беру мазмұны жағдайында педагогтің құзыреттілігін дамыту үздіксіз үдеріс ретінде қарастырылады. Педaгогикалық білімнің әр кезеңінде жаңа тәсілдерді сапалы игеру, сол сапаларды өз тәжірибесінде тиімді қолдану педагогтің өзіндік кәсіби біліктілігінің шыңдауына бағытталады. Шәкәрім түлектерін қолдау мақсатында апгрейд бағыты бойынша жұмыс басталды. Бұл бағытта үш деңгейлік жүйе жүзеге асырылуда.
Осы ретте, Шәкәрім университеті мен Семей қаласы әкімдігінің Білім бөлімі жас педагог-практиктерді, педагог-ғалымдарды және білім беру мекемелерінің жас басшыларына «EdTalks – 2022» өңірлік форумын өткізді.
Форумның мақсаты: жас педагог-практиктердің, білім беру ұйымдары басшыларына кәсіби құзыреттілігін арттыру және жаңарту, білім беру
міндеттерін шешуде ынтымақтастықпен жұмыс жасау.
Аталған шара 2 бөлімнен тұрды. Бірінші бөлімде алғы сөз алған Басқарма мүшесі – академиялық мәселелелер жөніндегі проректор Индира Оралканова болашақ маманның кәсіби қалыптасуына жылдам, әрі нәтижелі ықпал ететін «Мектеп-Колледж-ЖОО» арасында тәжірибе алмасу платформасын құру керектігін айта келе «Бүгінгі біздің студент, ол кешегі сіздердің оқушыларыңыз. Демек, сапалы маманға қол жеткізгіңіз келсе, сапалы білімді оқушы шығару керек»,- деп тілге тиек етті.
Форум жұмысына 120-дан астам Семей қаласының Білім бөлімінің және жоғары оқу орындарының «Павлодар педагогикалық университеті» КеАҚ, Әлихан Бөкейхан атындағы университет басшылары, Семей өңіріндегі жалпы білім беретін мектептердің, мектепке дейінгі ұйымдардың және колледждердің мұғалімдері қатысты. Сондай-ақ жас педагогтер форумының жұмысы барысында жас ұстаздардың кәсіби қызметін ғылыми-әдістемелік қамтамасыз етуге арналған көрме өткізілді.
Е.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің аға оқытушысы А.Мейркулова мұғалімнің кәсіби мәртебесі, оның өлшемдері мен статистикалық мәліметтерге тоқталса, Әлихан Бөкейхан атындағы университетінің қауымд.профессоры А.Мамырбеков халықаралық жобалардың мүмкіндіктері мен ерекшеліктері тақырыбында өз тәжірибесімен бөлісті. Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің педагог-эксперты Б.Серіков аталған мектеп түлектерінің шет елдерге грантқа түсу үшін қандай факторлар әсер ететіндігі жайлы презентациясын ұсынды. «Тарих және құқық» кафедрасының меңгерушісі Н.Газизова «Мектеп-ЖОО» жүйесіндегі білім беру мазмұнының сабақтастығы атты баяндама жасады.
Шараның екінші бөлімінде ғалымдар мен практиктер заманауи мектепті жаңғырту жағдайында білім беру ұйымдарының жас басшыларының басқарушылық құзыреттіліктері мен коммуникативті дағдыларын жетілдіру жолдарын қарастырды. Жас практик мұғалімдердің hard және softs kills қырларын дамытуға жәрдемдесті, тұлғалық және кәсіби біліктілікті арттыру идеяларын айтты. Спикерлер Семей өңірінің жас практик мұғалімдерін, педагог-ғалымдарын дамыту, жас мұғалімдердің әлеуметтік мәртебесін көтеру және шығармашылық әлеуетін белсендіру, инновациялық құзыреттілікті дамыту, педагогтердің одан әрі кәсіби өсуіне жағдай жасау мәселелерін талқылады.
Сонымен қатар білім беру жүйесіндегі өзгерістер, PR менеджмент , әлеуметтік жобаларды қаржыландыру, қаржылық сауаттылық, психология, ғылыми әзірлемелер, жастар ғылымы және т.б. тақырыптарда жас педагог-практиктердің Work shop , яғни тәжірибе алмасу тренингтерін өткізді.
Кеш соңында «EdTalks – 2022» өңірлік форумының қатысушыларына сертификаттар табысталды. Өңірлік форум жұмысының қорытындысы бойынша ұсынымдар қабылданды. Қабылданған шаралар педагогтің біліктілік сапасы мен кадрларды дайындаудың тиімділігін арттырып, талантты жастарды тартуға оң ықпал етеді.