Елімізде ғылым ілгері, әрі белсенді даму үстінде. Қазіргі уақытта ғылымсыз мемлекет пен халықтың жарқын болашағын елестету мүмкін емес. Сондықтан ғылымға деген көңілдің бөлінуі оның ілгері дамуы, мемлекеттің әл ауқаты мен халықтың тұрмыс жағдайының өсуіне әкелетіні сөзсіз.
Осы ретте, Шәкәрім университетінде Қ.Сәтбаевтың туған күніне орай 11-15 сәуір аралығында ғылыми-инновациялық сипаттағы іс-шаралар кешенін қамтитын Ғылым апталығы басталды.
Ғылым апталығының ашылуында сөз сөйлеген университет басшысы Б.Ердембеков университетте ғылыми нәтижелер мен жетістіктер саны артып келетінін айтып, бүгінде Шәкәрім шаңырағында қызмет атқарып жатқан жас ғалымдардың ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан жарияланған жобалар конкурсының жеңімпазы атанғандығын тілге тиек етті.
Іс-шара барысында қатысушылар ғылыми жетістіктер көрмесін тамашалады. Көрмеде серіктес ғылыми зерттеу институттары, қала мектептері мен колледждері, университетіміздің жобалары мен стартаптары, сондай-ақ университеттің ғылыми орталықтарының ғылыми жетістіктері ұсынылды.
Әр көктемде өткізілетін дәстүрлі шараның биылғы ұйымдастырылуы да ерекше. Университетке қабылдау ережелері мен түсу талаптарына жауап беретін қозғалмалы робот баршаның көңілін өзіне аударды.
Жиын барысында қара шаңырағымыздың Құрметті профессорлары, әлемнің жетекші жоғары оқу орындарының оқытушылары, атап айтқанда Ұлыбритания елінің Реддинг университетінің профессоры Виталий Хуторянский, Польша елінің Быдгощ Экономика Университетінің директоры Александр Скалий, Алтай мемлекеттік педагогикалық университетінің профессоры Сергей Волохов университетіміздің профессор-оқытушылар құрамын айтулы мерекемен құттықтап, бейнесәлемдерін жолдады.
Сонымен қатар, қаламыздың Шәкәрім атындағы көпсалалы гимназияның 3 сынып оқушылары Руслан Салауат пен Серіков Айсұлтанның «Семейдегі тарихи-мәдени орындардың туристік маршруттық картасын сызу» атты стартап жобасы қатысушылардың көңілінен шықты.
Ғылым апталығы шеңберінде қатысушыларға «Ғылыми жетістіктер» көрмесіне белсене қатысып, «Мектеп-Колледж-Университет» үштігінің арасында ынтымақтастықты нығайтып, ғылымды интеграциялау жолында қосқан үлестері үшін марапаттау қағаздары берілді.
Студент жастардың ғылымдағы талпыныстарына қолдау көрсету, оларды ғылыми ізденістерге қызықтыру мақсатында бір апта ішінде әртүрлі 30-дан астам шара өткізілетін болады. Олардың қатарында TEDх үздік оқытушылардың дәрістері, Республикалық ғылыми және әдеби кітаптар көрме-жәрмеңкесі, А.С.Пушкин атындағы ШҚО кітапханасының ақпараттық ресурстарының презентациясы, Докторанттар мен магистранттардың постерлік баяндамасы, «Shakarim Quiz» студенттері арасындағы ғылыми-танымдық ойыны, «Science platform» кабинетінің ашылуы, «Жас ғылымдардың ғылымдағы кедергілерді жеңуі» дөңгелек үстелі, «Start-Up-Шәкәрім 2022» жобалар байқауының финалы, «Stem-Park» білім беру алаңы, «Shakarim-Inno 2022» студенттік ғылыми-практикалық конференциясын өткізу жоспарланған.