Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі29 маусым 2021#shakarim university media centre, түлектер

Құрметті шәкәрім университетінің түлектері!

Білім мен инновация алдыға шыққан уақытта сіздер дұрыс таңдау жасай біліп, бүгін Шәкәрім университетінің жоғары білімді маман иесі атандыңыздар!
1934 жылдан бастап бұл шаңырақ мыңдаған студентті қабылдап, өз ұясынан неше мыңдаған шәкіртін тек Қазақ еліне ғана емес, бүкіл жер-жаһанға қанат қақтырды. Елімізде есімі ел тарихында қалатын талай ғалымдар мен қайраткерлер кешегі күні шаңырағымыздан қанат қаққан түлектер.

Бір өкініштісі, әлемді жайлаған пандемияның салдарынан біз және басқа да оқу орындары соңғы курсты қашықтан оқытуға мәжбүр болдық. Әрине, профессордың алдында отырып сабақ оқығанға ештеңе жетпейді. Бірақ, бізге ең алдымен, әрқайсыларыңыздың денсаулықтарыңыз, бас амандықтарыңыз қымбат болды. Бүгін де онлайн режимде құттықтауға тура келіп отыр.
Осы уақытқа дейін барлық университеттер өз түлектеріне мемлекеттік үлгідегі диплом табыс етсе, биылғы жылдың ерекшелігі - әрбір ЖОО өз дипломдарын береді.
Биылғы түлектер саны 2024. Оның ішінде 687 түлек грантта оқыды. 1208 түлек күндізгі бөлімде білім алды. 361 түлек қызыл дипломға ие болды.
Ертең біріңіз өз мамандығыңыз бойынша жұмыс істеуді көздесеңіздер, ал біріңіз осымен тоқтап қалмай, «Білім – инемен құдық қазғандай» дегендей, ары қарай білім жалғастырып магистратураға да тапсырасыздар. Докторантураны мақсат етіп, ғылымға да ден қоятын кездеріңіз келеді.

Яғни алды да талай асу бар, соның барлығында «Жеттім дегенде – сүрінбейтін, толдым дегенде – төгілмейтін» сәттілік тіледім!
Құрметпен, университет басшысы Бауыржан Ердембеков.

https://www.facebook.com/100035145771446/videos/180364734103618/