Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі10 қараша 2023кездесу, ақындар

РУХАНИ ҚҰНДЫЛЫҒЫ МОЛ КЕЗДЕСУ

Бүгін Шәкәрім университетінде қазақ поэзиясы әлемінде өз орны бар ақын, Қазақстан және Ресей Жазушылар одағының мүшесі, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, қоғам қайраткері Ақберен Елгезекпен кездесу кеші өтті.
Еркін форматта өткен кеште студенттер ақынның жырларын тебірене оқыды. Кешті алғы сөзімен бастаған университет ректоры Думан Орынбеков бұл кездесуді университет ұжымының ұзақ күткенін айтып, жылы лебізін білдірді.
Белгілі ақынның поэзиясын тыңдауға жырсүйер қауым көп жиналды. Студенттердің қойған сауалдарынан кеш қонағы Ақберен Елгезектің шығармашылығымен жақсы таныс екенін байқауға болады. Әсіресе «Болмаған балалық шақ» атты повесіне асқан қызығушылық танытқандар көп.
Кеш барысында филология ғылымдарының докторы, профессор, абайтанушы ғалым Бауыржан Ердембеков ақынның туған жері Шұбартау өлкесіне тоқталып, өлең шумақтарынан жыр шашып, ақжарма тілегін білдірді.
Сырлы сұқбатқа толы болған әсерлі кеште жастар ақын өмірі мен шығармашылығымен, адами болмысы мен рухани әлемімен жақын таныса алды. Рухани азық беретін осындай іс-шаралар студенттер үшін ауадай қажет. Әсіресе жастардың патриоттық сезімдерін шыңдауға септігін тигізері хақ.
Тамаша кеш соңында университет ұжымы сый-сияпаттарын тапсырып, құрмет көрсетті. Ақын өз кезегінде жиналған қауымға ризашылығын білдіріп, студенттермен естелікке суретке түсті.
Шәкәрім шаңырағында өткен бұл кездесуден студенттер мен оқытушылар ерекше әсермен тарқасты.