Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі18 маусым 2025шәкәрім университеті

Shakarim University алғаш рет THE Impact Rankings 2025 жаһандық рейтингіне енді

2025 жылы Shakarim University Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарын (ТДМ) жүзеге асыруға қосқан үлесі үшін Times Higher Education ұйымы жариялаған THE Impact Rankings беделді жаһандық рейтингіне алғаш рет енді.

 

 

THE Impact Rankings рейтингі университеттердің академиялық беделі мен жарияланымдар санын емес, олардың қоғамға, қоршаған ортаға және жаһандық сын-тегеуріндерге  (кедейлікті жоюдан бастап, тұрақты қалалар мен экожүйелерді сақтауға дейін)  нақты әсерін бағалайды.

 

 

Shakarim University дебюттік қатысуына 17 ТДМ-нің 13 бағыты бойынша көрсеткіштері  ұсынылды, бұл университеттің Тұрақты даму қағидаттарын білім беру, ғылым және басқару қызметіне жүйелі түрде енгізіп келе жатқанын дәлелдейді.

 

- ТДМ 2 – Аштықты жою: 601–800 орын

- ТДМ 5 – Гендерлік теңдік: 801–1000 орын

- ТДМ 6 – Таза су және санитария: 801–1000 орын

- ТДМ 7 – Қолжетімді және таза энергия: 801–1000 орын

- ТДМ 11 – Тұрақты қалалар мен елді мекендер: 801–1000 орын

- ТДМ 13 – Климаттың өзгеруімен  күрес: 801–1000 орын

- ТДМ 15 – Құрлық экожүйелерін сақтау: 801+ орын

- ТДМ 1, 4, 8, 10, 16 – 1001+ орын

- ТДМ 9, 12, 14 және 17 – рейтингке енбеген.

 

 

THE Impact Rankings – университеттің тек білім беру ордасы ғана емес, сонымен қатар, қоғамдағы оң өзгерістердің белсенді насихатшысы ретіндегі рөлін көрсететін халықаралық сенім көрсеткіші.

 

 

Shakarim University-дің бұл рейтингке енуі – оның инклюзивті білім беру практикаларын ілгерілетуге,  өңірлік дамуға, экологиялық жобаларға, әлеуметтік әлсіз топтармен жұмыс істеуге және инфрақұрылымды тұрақты даму қағидаттарына сәйкес жаңғыртуға қосқан үлесінің халықаралық деңгейде мойындалуы.

 

 

Бұл жетістік – университеттің ғылыми зерттеулерден бастап әлеуметтік жобаларға, ресурстарды басқарудан халықаралық серіктестікке дейінгі барлық процестерге ТДМ-ды енгізу бойынша жүйелі жұмысының нәтижесі. Бұл – адамзаттың жаһандық даму басымдықтарына бағытталған жаңа буын университетін құрудағы алғашқы, бірақ маңызды қадам.