Бүгін Шәкәрім университетінде өз заманының «байғыз қарты» атанған дана, ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті тарихындағы көрнекті тұлғалардың бірі «Дулат Бабатайұлы атындағы қазақ әдебиетінің тарихы» дәрісхананың ашылу рәсімі өтті. Рәсімге университет басшылығы, зиялы қауым өкілдері, Сыбан руының ұрпақтары, профессор-оқытушылар құрамы, меценаттар мен тікелей ұрпақтары қатысты.
Лента қию рәсімі Дулат Бабатайұлының ұрпағы Бекен Тұрғазыұлына, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Мұхтарбек Кәрімовке, Семей қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Алин Мұратқа берілді. Рәсім барысында Шәкәрім университеті базасында қазақ әдебиеті тарихындағы көрнекті тұлғалардың бірі Дулат Бабатайұлының атындағы дәрісхананың ашылуына бастамашы болып, жасақталуына қомақты қаржылық қолдау көрсеткен бірқатар меценаттарға алғыс хаттар мен «Шәкәрім медалі» табыс етілді.
Өңірлік ұлы тұлғалардың ұлағатты істерін насихаттайтын «Семей рухы» кешенді жобасының авторы, филология ғылымдарының докторы, профессор, абайтанушы ғалым Ердембеков Бауыржан өз сөзінде шапағаты жалпақ қазақ жұртына жеткен туған өлкеміздегі тұлғаларды дәріптеу және олардың рухани мұрасын бүгінгі ұрпақ игілігіне жарату басты міндеті, атаулы дәрісхананы ашу өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге екендігін тілге тиек етіп, дәрісхананың ашылуына мұрындық болған қазақтың қос қайсар қыздары Бұқарова Роза мен Жакупова Айманға ерекше алғысын білдірді.
Өз кезегінде ақынның ұрпақтары Алаштың рухани астанасы – Семей қаласында Дулат Бабатайұлы есімімен көше ашу керектігін ұсынды.
- Біздің атамыз Ресейдің қазақ өлкесін күшпен отарлау кезеңін, одан туған зобалаңдарды өз көзімен көріп, соған барынша наразылық білдірген адамдарының бірі. Отарлау саясатының қазақ елін талан-таражға салу, халықтың дербестігін бір жола жойып, тәуелді жұртқа айналдыру әрекетіне қарсы шыққан, халықты күреске үгіттеу міндеттерін алдына мақсат қылған нағыз ел қамқоры, сыншыл да күрескер ақын. Бүгінгі таңда ақын есімімен аталатын бірде-бір көше, мектеп, не болмаса білім ордасы жоқ. Шәкәрім университетінің басшылығына, жоба авторларына алғысымыз шексіз. Әрдайым Сіздерді баба рухы қолдап жүргей!- дейді дәрісхананың ашылуына бастамашы болған меценат Роза Тұрсынғазықызы.
Игі шара Қазақ КСР Әнұранының авторы, абайтанушы ғалым Қайым Мұхамедханұлы атындағы дәрісхананың ашылуымен жалғасын тапты.