Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі01 қыркүйек 2023университет басшылығы, марапат иелері, алғыс хат, шәкәрім медалі

ШӘКӘРІМ ШАҢЫРАҒЫ – ҰРПАҚТАР САБАҚТАСТЫҒЫНЫҢ ОЗЫҚ ҮЛГІСІ

Шәкәрім шаңырағында ұрпақтар сабақтастығы маңызды рөл атқарады. Осы ретте, бүгін Басқарма төрағасының қоғамдастыққа есеп беру мақсатындағы кеңейтілген Ғылыми кеңесінде филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Ердембековке Қазақстанның жоғары білім мен ғылым саласына, жастар тәрбиесіне қосқан зор үлесі үшін Шәкәрім университетінің «Құрметті профессоры» атағы берілді.
– Бауыржан Аманкелдіұлы абайтанушы ғалым ретінде, жастардың жанашыры ретінде қара шаңырақтың білім алушылары мен қызметкерлерінің алдында үлкен абыройға ие. Бұл марапат Бауыржан Аманкелдіұлының университеттің имиджін көтеруіне қосқан зор үлесі үшін берілді,- деді ректор Думан Орынбеков.
Сонымен қатар, білім ордасының профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлері ұзақ жылғы еңбектері мен жауапты ісіне адалдығы үшін ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің Құрмет грамотасы және Алғыс хаттарымен марапатталды. 50 жылға жуық университет қабырғасында қызмет атқарған техника ғылымдарының кандидаты Амангелді Еренгалиевке «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» медалі табыс етілді.
Марапат иелерінің кәсіби жетістіктері мен Альма-матерға сіңірген жоғары қызметі – Шәкәрім шаңырағының студенттері мен жас мамандарына үлгі.