Орта Азия және Шығыс Европа бойынша Quacquarelli Symonds аймақтық директоры Сергей Христолюбовтің қатысуымен өткен «Қазақстандық жоғары оқу орындарының жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыру» семинары өтті.
QS рейтингі бұл халықаралық деңгейдегі жоғары білім беру саласында үздік көшбасшыларды анықтайтын, жаһанданудың өсуіне ықпал ететін ЖОО-ның беделді рейтингтерінің бірі.
Шара Қазақстан Республикасының жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары ректорларының кеңесі және QS халықаралық компаниясымен бірлесіп ұйымдастырылды.
Семинар жұмысына қатысқан Басқарма төрағасы Бауыржан Ердембеков Шәкәрім университетінің QS рейтингісіне қатысу тәжірибесін ескере отырып, келесі мәселелерді ұсынды.
1. Өңірлік университеттерге ұлттық және мегаполистерде орналасқан университеттермен тең дәрежеде бәсекелесу қиын. Сондықтан ЖОО-ның спецификасын ескеріп, рангілеу жүргізу керек.
2. Рейтингке Орта Азия елдерінің ЖОО-ның қатысуын ескере отырып, рейтингтің тек ағылшын тілді жоғары оқу орындарына және ағылшын тілді мамандардың пікіріне ғана тәуелді болмауын қарастыру қажет.
3. Әрбір университет рейтинге ену мүмкіндігі бар-жоғын нақты түсіну үшін жарияланым шегін неғұрлым ашық және қолжетімді болуы тиіс.
Жоғары оқу орындарының бұл рейтингке қатысуы әлемнің үздік университеттерімен салыстырғанда күшті және әлсіз жақтарын көруге мүмкіндік береді.
Рейтинг нәтижелерін талдау негізінде білім ордасы өзінің стратегиялық саясатына өзгерістер енгізуді қарастырады, одан әрі дамыту мен инновацияларды енгізу бағыттарын айқындайды.