Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі26 тамыз 2023семинар, ректор, оқу жылы

ШӘКӘРІМ УНИВЕРСИТЕТІ ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА ДАЙЫНДАЛУДА

Санаулы күндерден соң жаңа 2023-2024 оқу жылы басталады. Барлық білім беру ұйымдары қызу дайындық үстінде. Шәкәрім университеті жаңа оқу жылына дайындықты профессор-оқытушылар құрамының кәсіби құзыреттілігін жетілдіру мақсатын көздейтін «Жазғы мектеп-2023» жұмысымен ұштастыруда. Екі аптаға жоспарланған Жазғы мектеп бағдарламасы аясында 2 біліктілікті арттыру курсы мен 20-ға жуық семинар, тренинг және шеберлік сыныптары өткізілді.
«Білім берудегі менеджмент. Авторлық бағдарламаларды әзірлеу» тақырыбындағы курс құрылым басшылары мен білім беру бағдарламаларының менеджерлерінің тұлғалық, басқарушылық, кәсіби дағдыларын жетілдіруді көздейді. Аталған курсты экономика ғылымдарының кандидаты, MPA, білім саласындағы эксперт Г.А.Қорғанбаева мен академиялық директор, эксперт С.Е.Қаппасова өткізді.
Сонымен қатар, профессор-оқытушылар құрамының біліктілігін әдістемелік тұрғыдан жетілдіру мақсатында «Белсенді оқытудың стратегиялары мен құралдары ЖОО оқытушыларының кәсіби құзыреттілігін дамыту шарты ретінде» тақырыбындағы курсты «Өрлеу» ұлттық орталығының филиалы ұйымдастырды.
Университет оқытушыларының оқу-әдістемелік, ғылыми, тәрбие бағыттарында біліктіліктерін арттыру, нормативті құжаттармен жұмыс жүргізу дағдыларын жетілдіруге бағытталған семинар, тренинг, шеберлік сыныптарымен бірге медиасауаттылық бойынша білімдерін толықтыратын «Әлеуметтік желіде ресми ақпарат тарату, парақша жүргізу дағдылары» семинары өтті.
«Жазғы мектеп» жұмысы университет ректорының Brainshtorm форматында өткізілген семинармен қорытындыланды.
–Семинарда Университеттің даму бағыттарын әріптестермен жан-жақты талқылап, 2023-2024 оқу жылының жұмыс жоспарын бірлесе белгіледік. Жалпы, өз жұмысымызда профессор-оқытушылар құрамының біліктілігін арттыру, тілдік құзыреттіліктерін дамытуға баса көңіл бөлінеді. Жазғы мектеп жұмысы өз нәтижесін, жемісін оқу жылы бойында көрсететіне сенімдімін,- деді Басқарма Төрағасы-Ректор Думан Орынбеков.