Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі18 қаңтар 2024мемлекеттік басқару академиясы, мемлекеттік қызмет, государственная служба

ШӘКӘРІМ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТІҢ ЖАЙ-КҮЙІ МЕН ДАМУ БОЛАШАҒЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Бүгін Шәкәрім университетінде «Оқытушының рөлін трансформациялау: педагог, ғалым, модератор» қысқы мектеп бағдарламасы аясында барлық факультеттерде «Факультет күні» өткізілуде.

 

Осы орайда ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Абай облысы бойынша филиалының директоры Әсет Абжақов профессорлық-оқытушылар құрамына «ҚР мемлекеттік қызметтің жай-күйі мен даму болашағы» тақырыбында баяндама жасады.

 

Мемлекеттік қызметтің бүгінгі жай-күйіне тоқталған Әсет Талғатбекұлы мемлекеттік қызметті жастарға тартымды етуіне бірқатар шаралар қабылданғанын сөз етті. Олардың бірі агенттік грант негізінде оқыған, GPA көрсеткіші 3.33 деңгейінен жоғары жастарға ұсынылған мүмкіндік . Яғни, олар аудандық немесе ауылдық аппараттарда төменгі лауазымдарға конкурстық іріктеусіз, тікелей тағайындалады. Сондай-ақ, біліктілік талаптарына өзгерістер енгізіліп, бас маман және жетекші маман лауазымдарына орта арнаулы біліммен еңбек өтілісіз орналасуға мүмкіндік қарастырылған. Сонымен қатар биылдан бастап пилоттық жоба негізінде мемлекеттік қызметке орналасуға ниет білдірген кез-келген азамат өзінің өтінішін «Е-қызмет» сыртқы модулі арқылы жібере алатынын жеткізді. Бұл өз кезегінде жастарды мемлекеттік қызметке тарту механизмінің бірі болып табылатынын жасырмады.

 

Айта кету керек, Shakarim University Абай облысында «Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі» жобасын жемісті іске асыруда. Сонымен қатар күні кеше ғана ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Абай облысы бойынша филиалымен ынтымақтастық туралы меморандумға отырды. Соның аясында алдағы уақытта қосымша білім беру бағдарламаларды, ғылыми-әдістемелік зерттеулерді, инновациялық жобаларды әзірлеу сынды ортақ жобалар іске аспақ.