Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі22 маусым 2023диплом табыстау, жас маман, аграрлық сала

SHAKARIM UNIVERSITY ДИПЛОМ ТАБЫСТАУ КЕШІ ӨТТІ

Қызығы мен қиыны қатар жүретін студенттік шақтағы тағы бір оқу жылы артта қалды. Алда жайдары жаз. Ал бітіруші түлектер үшін бұл маңызды кезең. Себебі олар енді қолына диплом алып, жас маман атанып жатыр.
Ветеринария және агроменеджмент факультеті – өңірдегі аграрлық салада мамандарды дайындайтын жетекші білім ордасы. Университет түлектері өздерінің кәсіптік білімдерін табысты іске асырып, еліміздің ірі мекемелерінде, ветеринария, агрономия, ауыл және мал шаруашалығы, білім және ғылым салаларын дамытуға айтарлықтай үлес қосуда. Енді міне, солардың қатарын биылғы бітіруші түлектер толтырмақ.
Шараға университет басшылығы, ардагер ұстаздар, әлеуметтік серіктестер, профессор-оқытушылар құрамы, ата-аналар мен бітіруші түлектер қатысты. Алғы сөз сөйлеген университет басшысы м.а. Индира Оралканова болашақ мамандарға сәттілік тілеп, ғұлама философтың есімін иеленген альма матер Шәкәрім шаңырағын ұмытпай, тек биік белестерден көріне берулеріне тілектестігін білдірді.
Биылғы жылы факультетті 180-ге жуық түлек тәмамдап, 30-ға жуық маман үздік диплом иегері атанып отыр. Оның ішінде 161 түлек мемлекеттік, жергілікті грант негізінде білім алғандар. Салтанатты кеште түлектер және ата-аналар сөз сөйлеп, университет басшылығы мен профессор-оқытушылар құрамына жылы лебізін білдірді. Шара соңы Шәкәрім шаңырағының рухына айналған «Шәкәрім маршы» әнімен аяқталды.
ЖАҢА ҚАДАММЕН ЖАРҚЫН БОЛАШАҚҚА, ЖАС МАМАН!