Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі28 маусым 2021ғылым, media centre

Shakarim university ғылыми семинар өтті

Шәкәрім университетінің «Абай және ұлттық руханият» ҒЗО-ның ұйымдастыруымен 28 маусым күні жазушы, қоғам қайраткері, ғұлама ғалым Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің дүниеден өткеніне 60 жыл толуына орай «Әуезов дәстүрі және қазақ прозасы» тақырыбындағы халықаралық ғылыми семинар өтті.
Жазушы рухына тағзым еткен үнсіздікпен басталған ғылыми семинарда «Абай және ұлттық руханият» ҒЗО-ның жетекшісі, филология ғылымдарының докторы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор Арап Сләмұлы Еспенбетовтың өзі модератор болды.
Модератор кіріспесінен кейін шараны ресми ашу үшін арнайы сөз алған университет ректоры, профессор Бауыржан Аманкелдіұлы «Шәкәрім университеті бүгінгі күнге де биылғы жылғы да ерекше екпін қойып отыр. Оның себебі бүгін заңғар жазушымыздың дүниеден өткеніне 60 жыл толса, сондай-ақ қазақ үшін аяулы есім Шәкәрім Құдайбердіұлының жазықсыз атылып, сүйегі құрқұдыққа тасталғанына 90 жыл толып отыр. Олардың шығармаларын зерттеп, жаңғырта түсу мақсатында университетімізде осындай шаралар ұйымдастырылуда» деп атап көрсетті.
Шара барысында мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Әуезов әкесі жайлы жылы естелігімен бөліссе, немересі, ғалым Зифа-Алуа Әуезова атасына деген жылы лебізін арнады.
Ғылыми семинарға М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов, жазушы, филология ғылымдарының докторы Тұрсын Жұртбай бастаған елімізге белгілі қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдерімен қатар халықаралық шараға Ереван мемлекеттік университетінің ғалымы Ш.Хачатрян қатысты.
Семинардың мақсаты – әлемге әйгілі қазақ халқының тұңғыш эпопеясын жазған М.Әуезовтің еңбектерін көпшілікке тарату, насихаттау және шығармашылығы жайында тың ғылыми зерттеулерді саралау. Жас мамандарды ғылыми шығармашылыққа тарту, тәжірибе алмасу арқылы ғалым еңбектерін зерттеу жұмысының жаңа және тиімді механизмдерін іздеуді ұйымдастыру.
«Бүгін рух туының түсірілген күні. Бәріміздің жүрегімізге мұң ұялатқан күн. Әуезовтің мәңгілік сапарға аттанған күні»,- деді жазушы, филология ғылымдарының докторы Т.Жұртбай.
Ғылыми семинар барысында әуезовтанушы ғалымдар ф.ғ.д., профессор К.Матыжанов «Қазақ руханиятындағы Әуезов феномені», жазушы, ф.ғ.д., профессор Т.Жұртбай, ф.ғ.д. «Ту түсірілген күн», профессор Г.Пірәлі «Әуезов дәстүрінің қазақ әдебиеттануында зерттелуі», жазушы, әдебиеттанушы А.Кемелбаева «Мұхтар Әуезов қазақ театрының бастауында», Ереван мемлекеттік университетінің ғалымы Ш.Хачатрян «M.Auezov and Armenian literature», ф.ғ.к., доцент С.Ананьева «Концепт великой степи в творчестве М.О.Ауезова и современной казахской прозе», ф.ғ.к., профессор А.Тоқсамбаева «М.Әуезов және әдебиеттану мәселелері», ф.ғ.к., доцент Э.Сәмекбаевалар «Мұхтар Әуезовтің тілдік тұлғасы» тақырыптары аясында ғылыми баяндамалар жасады.
«Жазушының қай шығармасын алып қарасақ та, онда қаламгердің ел психологиясын жетік меңгергендігін, «ұлтым» деп соққан аяулы жүректің дүрсілін тіл арқылы төгілте суреттелгендігін байқаймыз»,- деді ф.ғ.к., доцент Э.Сәмекбаева.
Айта кететіндігі, еліміздегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты қонақтарымыздың 70 % ZOOM платформасы арқылы қатысып отырды.
Шара соңында семинарға қатысушылар университет ұжымына Мұхтардай кемеңгер жазушының туған жерінде ұйымдастырылған семинарға риясыз алғыстарын білдірді.