Құрметті профессорлық-оқытушылар құрамы! Қадірлі студенттер мен оқушылар!
Сіздерді еліміздің ең маңызды мерекелерінің бірі – Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен шын жүректен құттықтаймын!
1995 жылдың 30 тамызында жалпыұлттық референдумда қабылданған басты Заңымыз демократиялық және құқықтық мемлекеттің қағидаларын белгілеп, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын нақтылап, тәуелсіз Қазақстан іргетасының негізін қалады. Бұл құжат – халықтың бірлігіне жол бастап, қоғамның дамуына екпін берген, мемлекеттің бастапқы саяси және құқықтық құжаты.
Конституцияда нақты бекітілген білім беру мен оқуға деген қолдау жас ұрпаққа сапалы білім алуға, ғылыми зерттеулермен айналысуға және жаңашылдыққа ұмтылуға мол мүмкіндіктер береді. Халықаралық серіктестермен ынтымақтастық аясында атқарылып жатқан жұмыстар – білім беру үдерісін нығайтуға, ғылыми-технологиялық идеяларды дамытуға арналған мемлекеттік саясаттың мұқият ойластырылған басым бағыты. Мұндай ынтымақтастық арқылы озық технологиялар мен білімге қолжетімділік арта түседі.
Бізге, академиялық қауымдастық мүшелері үшін бұл қағидалар білім беру мен тәрбие процесінде басты бағдар болып табылады. Биыл Shakarim University үшін 871 мемлекеттік грант бөлінді. Университетте және Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша ашылған «ShakarimHighSchool»-да бүгінгі күні тоғыз мыңға жуық студент 110-нан астам білім беру бағдарламалары бойынша білім алуда. Жас оқытушылардың үлесі 20%-дан асады. Бұл жай ғана сандар емес, Үкіметтің әрбір жоғары білім беру мекемесін жоғары білікті мамандарды даярлаудың, Жастар кадрлық резервін қалыптастырудың маңызды элементі ретінде көретіндігінің дәлелі.
Осыған байланысты студенттер қауымына қарата айтқым келеді: Сіздердің алдарыңызда Конституцияда белгіленген бостандық пен құқықтық тәртіп дәстүрлерін жалғастырып қана қоймай, елдің ғылыми-технологиялық прогресіне белсенді араласу сынды жауапты міндет тұр. Сіздердің білімдеріңіз, белсенді азаматтық ұстанымдарыңыз, өзін-өзі дамытуға деген құлшыныстарыңыз Қазақстан Республикасының демократиясын, әлеуметтік, экономикалық негіздерін одан әрі нығайту үшін қуатты серпін беруге тиіс.
Құрметті әріптестер, ерен еңбектеріңізүшін, алға дамытуға деген құлшыныстарыңыз үшін, өз кәсіптеріңізге адалдықтарыңыз үшін шынайы алғысымды білдіре отырып, Сіздердің университеттің, аймақтың дамуына қосқан үлестеріңіз орасан зор екенін атап өткім келеді.
Бұл мерекелік күн бәрімізге жаңа жетістіктерге жетуге деген шабыт сыйласын! Еңбекте, оқуда сәттілік тілеймін! Еліміз өркендей берсін!
Құрметпен, Думан Орынбеков