Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі17 мамыр 2024жастар, қолдау, өнерпаздар, шығармашылық байқау

SHAKARIM UNIVERSITY РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ДӘСТҮРЛІ ӘНШІЛЕР БАЙҚАУЫН ӨТКІЗДІ

Шәкәрім шаңырағының көгінде ән қалықтады! Бүгін Shakarim University 90 жылдық мерейтойы және ҚР еңбек сіңірген әртісі, дәстүрлі әнші, сазгер Жәнібек Кәрменовтің туғанына 75 жыл мерейтойына арналған I-Республикалық «Арманы биік асыл ер ұрпақтың қамын ойлайды» атты дәстүрлі әншілер байқауы өтті.
Тұңғыш рет өткізіліп тұрған іс-шара Қазақстанның дәстүрлі ән өнерін сақтап қалуға және дамытуға, сондай-ақ жаңа талантты орындаушылардың ашылуына ықпал етуге арналған.
Республикалық шара үш жастық топта өтті:
• Кіші топ: 10-12 жас.
• Орта топ: 13-15 жас.
• Жоғары топ: 16-18 жас.
2 кезеңнен тұрған байқауға Қарағанды, Ұлытау, Павлодар, Ақмола, Түркістан, Абай облыстарынан және Астана қаласынан отыздан астам саз өнер мектептерінің оқушылары, колледж білім алушылары қатысты. Жас өнерпаздарды Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасының оқытушысы,«Құрмет» орденінің иегері, Ж.Кәрменовтың шәкірті Мұса Әділет, ҚР мәдениет саласының үздігі, Қазақ өнерінің қайраткері, дәстүрлі әнші Жікенов Амангелді, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасының оқытушысы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, әнші Қосанова Айгүл, Қазақ Ұлттық өнер университеті «Дәстүрлі музыкалық өнер» факультетінің оқытушысы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, әнші, сазгер Сарина Гүлмира, ҚР мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, журналист, тележүргізуші Жанболатов Серік, Шәкәрім университетінің Гуманитарлық-экономика факультетінің «Өнер» кафедрасының оқытушысы, ҚР мәдениет саласының үздігі, дәстүрлі әнші Қабышев Қайрат бағалады.
Дәстүрлі ән орындаушылары арасындағы І Республикалық байқау дәстүрлі ән өнерін дәріптейтін маңызды іс-шаралардың бірі болды, өйткені дарынды әнші Жәнібек Кәрменовтің есімі, оның әсем дауысы, орындау мәнері мыңдаған тыңдарман мен қазақ ән мәдениетін сүйетіндердің есінде және жүрегінде қалары анық. Әншінің мерейтойы жыл соңына дейін жалғасын таппақ. Құлақтың құрышын қандыра ән шырқаған өнерпаздарды ертең дөңгелек үстел аясында марапаттайтын болады.