Бүгін Шәкәрім шаңырағында шығыс өңірінен шыққан меценат Құлжанов Шыңғыс Медғатұлымен кездесу өтті. Кездесуге университет басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы, студенттер және қаланың «Билер кеңесі» Қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жұмақсанов Шаған Манапұлы қатысты.
Туған жерді түлету – азаматтық парыз. Өңірімізде ел сенімін ақтап жүрген кәсіпкерлер некен-саяқ. Солардың бірі өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше үлес қосып жүрген танымал кәсіпкер – Шыңғыс Құлжанов.
Шыңғыс Құлжанов - Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық зерттеу университетін 1993 жылы «Инженер-бағдарламашы-жүйе технигі», 2002 жылы «Мұнай кен орындарын игеру және пайдалану» мамандығы және СЅ Business School-да Executive МВА (Ұлыбритания) бойынша бітірген. 1997-1998 жылдары «ЕРТІСМҰНАЙ СП» ЖШС Бас директоры, 1999-2006 жылдары «Қуат холдинг компаниясы» АҚ Бас директоры, 2012 жылдан бері «Тарбағатай Мұнай» ЖШС Директорлар кеңесінің мүшесі.
Жиын барысында меценат халықаралық еңбек нарығындағы жaғдайда Қазақ елін өркендету үшін жастар қандай мамандықтарға бағыт бұруы тиіс?! Қазіргі ғылымдағы инженерия, гидрология және IT салаларын дамыту үшін білімге, дағдыға қатты көңіл бөлінуі керектігін айтты.
Басқарма төрағасы Бауыржан Аманкелдіұлы өз сөзінде өңірдің әйгілі тұлғаларын дәріптеу және насихаттау мақсатында оқу орнында 30-дан аса мамандандырылған аудиториялар, ғылыми кітапханалар мен арт-студиялар ашылғандығын, үрдістің алдағы уақытта да жалғасын табатындығын атап өтті.
Келелі кездесу барысында отандық кәсіпкерлікті дамыту және қолдау мәселелері, соның ішінде бірқатар әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыру, студенттердің іс-тәжірибелік базасын ұйымдастыру және бітіруші түлектердің жұмысқа орналасуы бойынша келісім-шартқа отыратындығы талқыланды.
Профессор-оқытушылар құрамы және студенттер Шыңғыс Медғатұлына көкейдегі сауалдарын жолдап, мамандандырылған кабинет ашуға байланысты ұсыныстарын білдірді.
Жиын соңында Шыңғыс Медғатұлы шәкәрімдіктермен суретке түсіп, білім ордасының музейімен танысып, терең тарихына көз жүгіртті. Әлемнің әр елінен келетін ғалымдар мен мәртебелі қонақтардың естелік кітабына да өз қолтаңбасын қалдырды.