Шәкәрім шаңырағының «Күміс университетінде» «15 сәуір - Ғашықтар күніне» орай «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» байқауы өтті.
Іс-шара университет пен «ШҚО Семей қаласының №3 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету және белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» КММ арасында жасалған меморандум негізінде жүзеге асты.
Байқау мақсаты зейнет жасындағы адамдардың белсенді өмір сүру салтын қолдау, мерекеге орай жақсы көңіл-күй сыйлау болды және шара өз мақсатына толық жетті.
Сайысқа түскен төрт жұп барлық кезеңдерден сүрінбей өтіп, өз өнерлерін ортаға салды. 1-кезеңде қатысушылар вальс биін билесе, 2-кезеңде жұптарымыз өздері дайындаған өнерлерін көрсетті. 3-кезеңде жұптарымызға ойын ретінде әртүрлі қызықты тапсырмалар берілді. Сайыс нәтижесі бойынша әр жұп арнайы номинациямен марапатталды. Мысалы, Расуллин Мұхтарбек пен Гуржий Любовь Осиповна жұбы «Әдемі жұп» аталса, Закиров Тұрсынхан мен Закирова Қарлығаш жұбы «Мінсіз жұп» номинациясын иеленді, Далматов Николай мен Далматова Тамара жұбы «Талантты жұп» аталса, 4-жұп Смаилов Сляммұрат пен Шаризонова Наиля «Харизматикалық жұп» аталымына ие болды.
Байқауға қатысушылар өнерін Қазылар алқасы мен көрермендер бағалады. Қазылар құрамында «ШҚО Семей қаласының №3 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету және белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» КММ басшысы А.К.Бекжасаров, Шәкәрім университетінің Кадрлар біліктілігін арттыру және қайта даярлау орталығының басшысы Г.Б.Сағанаева, Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының музыкалық жетекшісі Е.Т.Қайсабекова және осы орталықтың меңгерушісі Б.А.Энтебекова болды.
Байқау атмосферасы барлық қатысушылар мен көрермендерге көңілді көңіл-күй, жылулық пен мейірім сыйлады.