14 қазан 2022

Ағылшын тілінің деңгейлік тегін курстары басталды


Шет тілін, соның ішінде әлемдік тілдер арасында қолданыс аясының кеңдігі жағынан алғашқы орындарда тұрған ағылшын тілін білу – заман талабы. Осы талап үддесінен шығу және профессор-оқытушылар құрамының тілдік құзыреттілігін жетілдіру мақсатында Шәкәрім университеті өз оқытушылары мен қызметкерлеріне арнап ағылшын тілінің деңгейлік курстарын тегін ұйымдастыруда.

Оқу орнымыздың 49 оқытушысы 4 ай бойы 3 деңгей (Elementary,  Pre-Intermediate, Intermediate) бойынша тіл үйренеді. Курсты университетіміздің тәжірибелі оқытушылары жүргізеді. Сонымен бірге АҚШ-тың «Fulbright» бағдарламасы бойынша білім ордамызда еңбек етіп жүрген ерікті Эмма Ларсон да Pre-Intermediate, Intermediate деңгейлерінің тыңдаушыларына Speaking club өткізуде. Шет тілін үйренушілер үшін бұл – өте жақсы мүмкіндік.

Курсқа жазылған оқытушылардың көпшілігі университетіміздің кадрлық резервін құрайтын талапты да білімді жас мамандар қатарынан. Оларды кәсіптік бағдарлау, бейімдеу, әлеуетін көтеру үшін университет тарапынан бар мүмкіндіктер жасалуда. Себебі университет кадрларының кәсіби құзыреттілігін жетілдіру, жас мамандардың ағылшын тілінен деңгейлерін көтеру – болашаққа салынған инвестиция екені анық. Бұл тамаша үрдіс келесі семестрде де өз жалғасын табатын болады.