«Семей қаласының Шәкәрім атындағы университеті» КеАҚ Кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау орталығының ұйымдастыруымен «Мектепке дейінгі ұйымдарда білім беру процессін кіріктіріп оқытуды ұйымдастыру және жүргізу ерекшеліктері» бағдарламасы бойынша 14.11.22 – 26.11.2022 уақыт аралығында онлайн және офлайн форматында біліктілікті арттыру курстары өтуде. Курсқа барлығы 13 маман қатысуда.
Курстың мақсаты - мектепке дейінгі білім беру ұйым педагогтарының балалардың әртүрлі іс-әрекеттерін, олардың қоршаған әлем, эстетикалық мәдениет туралы идеяларын қалыптастырудың және шығармашылық қабілеттерін (музыкалық, сахналық, әдеби, бейнелеу іс-әрекеттері) өнер арқылы дамытудың тұтас педагогикалық процесіне біріктіру дағдыларын қалыптастыру.
Курс барысында тыңдаушыларға мектепке дейінгі ұйымдарда 2022-2023 оқу жылындағы тәрбиелеу-білім беру процесін ұйымдастырудың ерекшеліктері, МЖМББ стандарты, Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу жоспарлары мен бағдарламалары, тәрбиешінің жүргізуі міндетті құжаттар тізімі туралы толыққанды ақпарат берілді. Сонымен бірге тыңдаушыларға мектеп жасына дейінгі балалардың коммуникативтік, зияткерлік, әлеуметтік-эмоционалды, танымдық т.б. дағдыларын қалыптастыру мен дамыту үшін ұйымдастырылған іс-әрекеттерді кіріктіру арқылы іске асырудың маңызы түсіндіріліп, практика жүзінде арнайы ойындар мен эксперименттер жүзеге асырылды.
Курс спикерлері: Педагогика және психология кафедрасының аға оқытушылары Мухметова Раукен Жеңісқызы, Мухаметжанова Айым Даулетбаевна және Елеусізқызы Меруерт.
Курсты толық тыңдаған педагогтартарға арнайы сертификат табыс етіледі.