Бүгін Геодезия және құрылыс кафедрасында екі жаңа зертхананың іске қосылуы — қолданбалы ғылымды, ашық инженерияны және өңірлік дамуды күшейтуге бағытталған Шәкәрім университетінің миссиясының заңды жалғасы әрі нақты жүзеге асуы деп сеніммен айтуға болады. Бұл – жобалаудан – аккредитацияға, оқытудан коммерцияландыруға дейінгі жүйелі тәсілге негізделген өсудің белгісі.
Қазіргі таңда зертханалардың бірі аккредитациядан өтті. Жыл соңына дейін тағы кемінде үш зертхананы аккредитациялау жоспарланып отыр. Бұл – аса маңызды кезең: аккредитация зертхананың жүргізетін зерттеулеріне, сараптамаларына ресми заңды мәртебе береді.
Бұл өңір үшін несімен маңызды?
Геотехникалық зертхана құрылыс алаңдарының топырақтарын кешенді зерттеп, олардың физика-механикалық қасиеттерін бағалайды. Бұл жобалаудың алғашқы кезеңдерінде нақты ғылыми негізделген қорытынды жасауға мүмкіндік береді: бұл жерде құрылыс жүргізуге бола ма, көтергіштік қабілеті қандай, тәуекелдер бар ма?
Құрылыс материалдары зертханасы бетон және басқа қоспаларды сынақтан өткізумен айналысады. Сонымен қатар, бұл зертхананың мүмкіндіктерін кеңейту қажет. Болашақта зертхана қызметтерін жеке және мемлекеттік секторлар да пайдалана алуы үшін. Біз зертхана қорытындыларын жобалық құжаттамаларды рәсімдеу, техникалық аудит, тендерлік бағалау барысында қолданылатын деңгейге жеткізуді көздейміз.
Ал студенттер сынама алу, деректерді өңдеу, зертханалық талдаулар сияқты нақты үдерістерге қатысады. Осылайша, біз еңбек нарығына дайын мамандарды дайындаймыз. Бұл — өңірдің адами капиталына қосқан тікелей үлесіміз.
Бұл үдерістің инновациялық деңгейі де бар. Бұл зертханалар университеттің бизнеске ақылы қызметтер көрсетуіне мүмкіндік береді. Бұл — техникалық қорытындылар, консалтинг, бірлескен инженерлік жобалар. Осы арқылы университет орнықты дамудың жаңа моделін қалыптастырады: алынған табыстың бір бөлігі студенттік және ғылыми бастамаларды қаржыландыруға жұмсалуы мүмкін.
Сонымен қатар, бұл зертханалар халықаралық жобаларға интеграциялану алаңына айналады. Зертхана қызметтерін кеңейту және халықаралық стандарттарға сәйкес сертификаттау арқылы біз университет базасында серіктестерімізбен бірлескен инженерлік кейстер жасауға жол ашамыз. Бұл — технологиялар мен әдістемелер алмасуға, болашақта халықаралық аккредитацияны бірге алу үшін маңызды мүмкіндік.
Сондай-ақ, бұл зертханалар біздің оқытушылар мен магистранттар жүргізетін ғылыми зерттеулер нәтижелерін коммерцияландыру құралына айналады. Бұрын зерттеулер есептерде ғана қалса, енді олар нақты өнімдер, технологиялар мен қызметтерге айналып, тәжірибеде қолданылады.
Қорытындылай келе: бүгінгі зертханалардың іске қосылуы кафедраның ішкі жаңғыруын білдіреді әрі қолданбалы бағыттағы мамандарды даярлау, нақты секторға ғылыми сараптама ұсыну, білімді коммерцияландыру арналары мен университеттің халықаралық мәртебесін күшейту бағыттарында университеттің уақыт талабына берген жауабы деуге де болады.
Shakarim University білім, ғылым және нарық арасындағы шекараны жойып, нақты білімнің экономикасына бағытталған ашық университет моделіне сенімді қадаммен бет алып келеді.


