Shakarim University-ге ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің төрағасы Ғалымжан Жанқуатов келді. Сапар барысында университеттің ғылыми-зерттеу инфрақұрылымын кешенді бағалау, кадрлық әлеуетті талдау және оның ұлттық ғылыми экожүйеге кірігуіне арналған стратегиялық механизмдер қаралды. Университет жұмысымен танысу Шәкәрімнің өмірі мен шығармашылығына арналған музейден басталды.
Оқытудан - зерттеу университетіне
Соңғы үш жылда Shakarim University күрделі трансформациядан өтті. Классикалық академиялық оқу орнынан аймақтық зерттеу және инновациялық орталыққа айналды. Оның қызметі білім беру саласымен ғана шектелмей, ғылыми зерттеулерге, қолданбалы әзірлемелерге және технологиялардың нақты секторға бағытталуына негізделген.
Институционалдық реформалар - өсу механизмі
Университет толық әкімшілік және құрылымдық реформаларды жүзеге асырды: арнайы жобалау кеңселері құрылды, мақсатты зерттеу топтары және мемлекеттік органдар, бизнес ұйымдары мен шетелдік ғылыми орталықтармен тікелей байланыс жүйелері енгізілді. Осы қадамдар Shakarim University-ді ғылыми саясат субъектісі ретінде анық бейнелейді.
Кадрлық революция
Трансформация нәтижесінде кадр құрамы сапалық өзгеріске ұшырады: жас ғалымдар мен science-профессорлардың үлесі 2022 жылы 8% болса, 2025 жылы 39%-ға дейін ұлғайды. Бұған PhD мамандарды дайындау, шетелде білім алған түлектерді қайтару, тәлімгерлік бағдарламалары мен академиялық орта құру арқылы қол жеткізілді.
Ғылымды қаржыландыру: гранттар динамикасы
Университет ҚР ҒЖБМ гранттық бағдарламалары негізінде 4,5 млрд теңгеден астам сомада ғылыми жобаларды іске асырды. Бұл зерттеу топтарын басқарудағы жүйелі жұмыстың, жас ғалымдардың белсенділігінің, практикалық және әлеуметтік маңызы бар нәтижелерге бағдарлаудың арқасы.
Қазіргі ғылыми-өндірістік база
Ғалымжан Жанқуатов университеттің ғылыми экожүйесін жасайтын негізгі инфрақұрылым объектілерімен танысты.
Shakarim Lab – интеллектуалды автоматтандыру және өнеркәсіпке арналған цифрлық шешімдер зертханасымен көп жылдық тәжірибесі бар, радиоэкологиялық зерттеу орталығының жетекшісі Алексей Кливенко таныстырды. Ол лабораторияның өнеркәсіптік автоматтандыру және адаптивті басқару жүйелері саласындағы кешенді шешімдерін атап өтті. Бұл алаң аймақ экономикасының цифрлық интеграциясына нақты механизм ретінде қызмет етеді. Қазір зертхана нақты бизнес сұраныстарына бағытталған жобалар әзірлейді, өндірісте ғылыми әзірлемелер трансферін ұйымдастырады және жоғары білікті кадрларды даярлайтын платформа ретінде жұмыс жасайды. Бұл жаңа «ақылды өндірістер» кластерін құрып, индустриалды серіктестер мен халықаралық лабораториялармен бірлесіп жұмыс жүргізу арқылы шешімдерді республика және халықаралық деңгейде кеңейтуге мүмкіндік береді.
Инжинирингтік орталық – прототиптер мен технологияларды нақты өндіріске енгізуге арналған платформа. Орталық жұмысымен жетекшісі Ринат Кусаинов таныстырды. Ол орталықтың негізгі функциялары ретінде өндірісішілік прототиптерді жасау (машина бөлшектерінен бастап тамақ өнеркәсібіне арналған компоненттер), дәстүрлі өндіріске цифрлық технологияларды интеграциялау (сенсорика, автоматтандыру, сапа бақылауы), жергілікті кәсіпорындар үшін R&D консалтинг және аутсорсинг қызметтерін атап өтті. Студенттер мен оқытушылар өндіріске енгізілетін нақты тапсырмалар бойынша бірігіп жұмыс жасайды. Қазір аймақтың шағын өндірістерімен энергоэффективтілік, жабдықтарды модернизациялау бағытында бірнеше жоба жүзеге асуда.
Қ.Ж. Әмірханов атындағы тамақ өнімдерін физика-химиялық әдістермен талдау зертханасы — азық-түлік қауіпсіздігі және инновациялық өңдеу саласындағы жетекші орталық. Зертханамен Тамақ инженериясы зерттеу мектебінің деканы Гүлнұр Нұрымхан таныстырды. Орталық жоғары дәлдіктегі аналитикалық құрылғылармен жабдықталып, тағам өнімдерінің химиялық құрамынан бастап, микробиологиялық тұрақтылығы бойынша кешенді бағалауға мүмкіндік береді.
Оқу-өндірістік алаң құрт және ет өнімдерінің жартылай фабрикаттарын өндіруді қамтиды. Мұнда студенттер ферментация, кептіру, өңдеу және орау технологияларын меңгереді. Бұл тәжірибелік алаң тұтынушы талаптарына және санитарлық стандарттарға сай шағын партиядағы өнім шығарады. Бұл зерттеу мектебіне бизнес тарапынан қызығушылық артқаны байқалады.
Стратегиялық маңыздылық және ұлттық мүдде
Shakarim University стратегиялық маңызы бар үлгі көрсетіп отыр, жоғары технологиялы ғылымды ел астанасында ғана емес, өңірлерде де дамытуға болады және солай жасауға тиіспіз. Бұл ғылым, білім мен өндіріс үшеуінің бірлігі арқылы масштабталатын платформа болуы керек.
«Shakarim University өңірлік университет ғылыми саясаттың белсенді субъектісі бола алатынын көрсетіп отыр. Біз оқыта отырып, білім береміз әрі батыл шешімдерге тәуекел етеміз. Бұдан біздің технологиялық және зияткерлік өсуіміз көрінеді. Біз қауіпсіз тағам, технологиялық еркіндік және тұрақты аграрлық даму мәселелерін шешетін ғылыми-инновациялық экожүйені қалыптастырып жатырмыз. Біздің өңірлік университет білім, технология және адамдарды тоғыстырған орталық болу керек»,- деді Shakarim University ректоры Думан Орынбеков.




