Абай облысы Жаңасемей ауданы Қараөлең ауылдық округіне қарасты Қаратұмсық археологиялық кешенінде Шәкәрім университеті мен Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты ҚР Ғылым және Жоғары білім министрлігінің Ғылым комитетінің «Абай облысын кешенді тарихи-археологиялық зерттеу» ғылыми жобасы аясында археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуде.
Бүгін университет ректоры Орынбеков Думан Рымғалиұлы бастаған университет ғалымдары археологиялық кешен жұмысымен танысу үшін арнайы барып қайтты.
Археологиялық жұмыстар сақ заманымен мерзімделетін қоныста жүргізіліп жатыр. Осындай анықталған қоныстардың саны 17-ге жетіп отыр.
Зерттеу аймағы мен маңызы
Қаратұмсық қорымы Шығыс Сарыарқа аймағы мен Семей ядролық сынақ полигонына жақын аймақта археологиялық тұрғыдан кешенді түрде зерттеліп отырған тұңғыш ескерткіш. Бүгінге дейін Абыралы-Қайнар өңірі бойынша сақ заманының қоныстарының бар екендігі ғана белгілі болса, біздің зерттеулеріміздің нәтижесінде нақты қоныс орындары анықталып, олардың беткі қабаттарынан 70-тен аса тастан жасалған құралдар табылды.
Зерттеліп отырған қоныс және өзге де зерттеу барысында анықталған қоныстар осыдан 2700-2500 жыл бұрын осы өңірде өмір сүрген көшпелі халықтардың мәдени-экономикалық даму деңгейін және Орта Азия мен Сібір өңірлерімен мәдени байланыстарын көрсетеді.
Қаратұмсық қонысы мен басқа да табылған ескерткіштер археологиялық картада бұрын ашылмаған бос кеңістікті толтырып, Қазақстанның солтүстік-шығыс бөлігіндегі ежелгі этномәдени процестерге қатысты тың мәліметтер береді. Сонымен қатар бұл аймақтың археологиялық әлеуеті жоғары екендігін де көрсетеді.
Зерттеу барысында анықталған сақ заманының қоныстары – Абай облысы аумағындағы көшпелі халықтардың отырықшылық мәдениеттерін айғақтайтын бірегей ескерткіш. Ол сақ қоғамының шаруашылық, мәдени және тұрмыстық құрылымын кешенді түрде сипаттауға мүмкіндік береді. Анықталған жәдігерлер сақтардың аймақаралық байланыстары мен технологиялық даму деңгейін көрсетуі тұрғысынан ерекше ғылыми құндылыққа ие.
Зерттеу барысында анықталған жаңалықтар:
Қаратұмсық археологиялық кешенінде жүргізілген далалық зерттеу барысында бірқатар маңызды ғылыми олжалар анықталды:
- Қазба жұмыстары нәтижесінде бірнеше тұрғын-жайлардың орны ашылып, олардың құрылымдық ерекшеліктері, ішкі жоспарлануы мен қолданылған құрылыс материалдары зерттелді.
- Сақ дәуірінің экономикасы мен рухани-мәдени өмірінен сыр шертетін қыш ыдыстардың бөлшектері, тастан жасалған еңбек құралдары және өзге де тұрмыстық бұйымдар табылды. Бұл материалдар өңірдегі көшпелі мәдениеттің даму деңгейін сипаттауға мүмкіндік береді.
- Тұрғын-жайлардың бірінде, ішкі қабырға іргесін тазалау кезінде бір нүктеден өңделген 37 асық табылды. Мұндай бірегей кешен Қазақстан аумағында бұрын зерттелген сақ дәуіріне тән қоныстарда алғаш рет кездесіп отыр. Асықтар жиынтығы сол кезеңдегі балалар мен жастардың ойын-сауық, әрі діни-мәдени ғұрыптармен байланысын зерттеуге жол ашады.
- Табылған барлық жәдігерлер Қазақ даласының ежелгі тұрғындарының керамика, металл өндіру және құрылыс салаларындағы жоғары технологиялық жетістіктерін дәлелдейді. Сонымен қатар, бұл айғақтар мал шаруашылығы, егіншілік пен металлургия салаларында қолданылған озық тәжірибелерді көрсетіп, көшпелілер өркениетінің күрделілігін жаңа қырынан танытады.
Ғылыми-тәжірибелік нәтижелер
Қаратұмсық археологиялық қонысында жүргізілген зерттеу жұмыстары бірқатар маңызды ғылыми және білім беру нәтижелерге қол жеткізді.
- Шәкәрім университеті бастамашысы болып отырған археологиялық экспедиция Абай облысындағы археологиялық мұраны кешенді зерттеуді үйлестіретін негізгі ғылыми орталық ретінде танылып отыр;
- Зерттеу жұмыстары жас археологтарды кәсіби даярлау ісінде үлкен тәжірибелік алаңға айналды. Экспедиция құрамында университетіміздің оқытушылары, білім алушыларымен қоса өзге де қазақстандық жоғары оқу орындарынан келген экспедиция мүшелері далалық археология әдістерін меңгеріп, алғашқы практикалық машықтарын алды;
Қаратұмсық қонысынан табылған археологиялық жәдігерлер Семей облыстық тарихи-өлкетану музейінің экспозициясын жаңа мазмұнмен толықтырып, өңірдің көне тарихын паш ететін тұрақты көрме ретінде халыққа ұсынылуда.


