«Абай клубының» отырысында жазушы, драматург Оралхан Бөкейдің шығармашылығына арналған «Көркем сөздің құлагері» тақырыбында оқырман конференциясы өтті.
Клуб жетекшісі, профессор Арап Еспенбетов кіріспе сөз бастап, Оралхан Бөкей шығармаларының қазақ әдебиетіндегі орны мен маңызына тоқталды.
Профессор А.Тоқсамбаева «Атау кере» повесін талдап, жазушының кейіпкер психологиясын сомдаудағы шеберлігі, көркемдік қуаты мен ой тереңдігі тақырыбындағы ойымен бөлісті.
Сонымен қатар, Кя-901 тобының студенті Манарбекқызы Динара «Өз отыңды өшірме» романына шолу жасап, тарихи деректілігіне тоқталды.
Қажиева Жансая «Апамның астауы» әңгімесін талдай отырып, жазушының балалық шағы мен естеліктері жайында баяндама жасады.
Студенттер жазушының әртүрлі жанрдағы шығармалары туралы пікір алмасты.
Отырыс соңында кафедра оқытушылары мен студенттері өз ойларын білдірді және алдағы уақытта талқыланатын тақырыптар төңірегінде ұсыныстарын айтты.