АБАЙ ЖЫРЛАРЫНДАҒЫ ЖҮРЕК АРХЕТИПІНІҢ ҰЛТТЫҚ СИПАТЫ
Абайдың қара сөздері – қазақ танымының ғана емес, әлемдік ой танымының көрсеткіші. Аристотель, Сократ, Демокрит сияқты ой-пікірлері әлемдік философия негізі болған грек шешендері мен Фараби, Бируни сияқты шығыстың ғұламаларының тұжырымдарымен таныс болғандығын, оларды тереңдете түскенін, ұлтқа қажет таным-түсініктермен кеңейткенін көрсетеді. Әлемдік ой-таным жүйесіндегі берері көп ақыл, көрсетері мол тағлымды ойлармен тең түседі.
М. Әуезов қарасөздер Абайда мол болғанын, тек дұрыс ұқыптылықпен жиналмағандығын айтады. Абайдың қара сөздері – философия, теология (дін ғылымы), психологияға құрылған, өз кезі үшін де, бүгін де бағасын жоймаған құнды еңбек.
«Абайдың «Ғақлия» атанған қарасөзі барлық құрылыс қалпымен, шебер, шешен тілімен және өлеңдеріндегі ой толғауының көпшілігін тереңдеп, еселеп, өсіріп жеткізуімен біздің әдебиеттегі тағы бір соны, қызықты жаңалықтың бірі болған. Мұнда да сыншыл, ойшыл Абай көрінеді. Орыс әдебиетіндегі Лев Толстойдың кейбір толғау үлгілеріндей, бірақ қазақ халқының өз тіршілігіндегі күнделік болмысынан туған аса бір алғыр, жүйрік, кейде шешен орамды мол бір әсер көрініп отырады» [1, 13 б.].
«Жалпы алғанда, Абайдың осы барлық қара сөз дейтін мұралары көркем прозаның өзіне бөлек, бір алуаны болып қалыптанады. Бұлар сюжетті шығармалар емес. Бұрынғы жазушылар қолданған естелік, мемуар да емес. Стиль, мазмұн жағынан алғанда осы шығармалар Абайдың өзі тапқан, бір алуан көркем сөздің түрі. Кейде бұлар сыншылдық, ойшылдық және көбінше адамгершілік, мораль мәселелеріне арналған өсиет, толғау тәрізді.
Бұл шығармаларда Абай өзінің оқушыларымен әңгімелесіп, жүзбе-жүз кездесудегі мәслихат, кеңес құрып отырған ойшыл ұстаз тәрізденеді. Кейбір сырт сипаттарына қарағанда Лев Толстойдың «Круг чтение» деп аталатын еңбегіне ұқсас» [2, 218 б.].
Абайдың бірінші қарасөзі 1890 жылы жазылыпты. Болашақта не істесем, елге қандай пайдамды тигізсем деген ойды қозғайды. Қазақ үшін қырық жастан аса ел ағасы болатын жас деп есептеледі. Бұл жаста жұртқа қандай да бір жақсылығымды жасасам деген мақсат болары анық.
Ұлы ақын келешекте қандай істі қолға алғаным дұрыс деген тұста жай ой қозғап қоймайды. Терең талдау жасайды. Осы талдау, мақсат-міндеттері келесі қарасөздерінде шешіліп отырады.
«Ақыры ойладым: осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі дедім де, ақыры осыған байладым, енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ» [3, 28 б.].
Алғашқы ойына алған істерін тізе бастаған ақын қоғамның кем-кетігін түгел жазады. Бұл жеке адам бойындағы кемшіліктерден құралған қазақ қоғамының бүтіндей панорамосы болатын. Осы қоғам суретін сынай отырып, оның емін де айтады. Абай қазақтың ұлттық ой – танымына жаңалық әкелуші. 19-ғасырдың екінші жартысынан бастап қазақ даласында қоғам бүтіндей өзгерді. Сол өзгерген жүйеге қарай елдің шаруашылығы мен мәдениеті, тұрмысы мен таным-түсінігіне де көп өзгерістер келді. Абай қазақ үшін өзгерістер заманына лайық жаңа көзқарастар мен пікірлерді ұсынады. Соның бірі – 14-қарасөзіндегі жүрекке қатысты ойлары.
Батырлықты, ерлікті жоғары қойып келген қазақтың бұған дейінгі танымында да жүрек басты орын алатын. Елді қорғаған, жұрттың тыныштығы үшін күрескен батырды «жүректі адам» дейтін. М. Әуезов Абайдың 14-қарасөзіндегі тақырыпты – «батырсыған бояма мінезді сынау» дейді.
Ұлы данышпан жүректі тек батырға емес, ендігі жерде тазалық пен жақсылық, адалдық пен мейірімділік сияқты адамгершілік қасиеттің негізі болатын сезімдермен байланыстырады. Бұрынғы батырлық елді шабу болса, ендігі батырлық деп: «адасқан көптен атының басын бұрып алуға жараған, әділетті ақыл мойындаған нәрсеге, қиын да болса, мойындау, әділетті ақыл мойындамаған нәрсеге, оңай да болса, мойындамауды» айтады.
Ақын жүректілікті рақымдылық, мейірбандылық, ғашықтық деп келіп, жүректілік жігер мен қайрат, байлаулы ойдан шығады. Тілдің өзі жүректің айтқанына көнсе, жалған айтпайды дейді Абай.
Жүректің тілін ұқпаған, қайраттың не екендігін білмейтін «пысық, мықты, ер жігіттің қадірінің кететіні – елірмеге әуестігі. Ақылсыз, ар ұяты кем кісінің жақсы болмасын айтады. Жақсы мінез, адамшылық қасиет таза жүректен шығады дейтін ойын тарата жазады. Жүректі тазалық, адамшылық негізі деп алып, оны басқадан жоғары қою – Абай шығармашылығының өзегі.
«Әуелде бір суық мұз – ақыл зерек» өлеңіндегі:
«Әуелде бір суық мұз – ақыл зерек,
Жылытқан тұла бойды ыстық жүрек.
Тоқтаулылық, қалыпты, шыдамдылық,
Бұл – қайраттан шығады, білсең керек.
Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,
Сонда толық боласың елден бөлек.
Жеке-жеке біреуі жарытпайды,
Жол да жоқ жарыместі жақсы демек.
Ақыл да, ашу да жоқ, күлкі де жоқ,
Тулап, қайнап бір жүрек қылады әлек.
Біреуінің күні жоқ біреуінсіз,
Ғылым сол үшеуінің жөнін білмек» [4, 95 б.], – деген өлең жолындағы ақыл, қайрат, жүрек үшеуінің таласы Абайдың он жетінші қарасөзінде толық таратылып, «... үшеуің басыңды қос, бәрін де жүрекке билет» деп ғалым атынан жүректі шешеуші орынға қойып, аса күрделі жүрек культі мәселесін көтереді. Бұл өлең жолында толық боласың деген тіркес арқылы толық адам туралы мәселені қозғаған. Абай «Біреуінің күні жоқ біреуінсіз. Ғылым сол үшеуінің жолын білмек» деген ой арқылы жәуанмәртілік ілімін мегзеп отыр. Абайдың танымындағы ілім – Алланың ғылымы («Ладуни ілім») адамның ғылымы, өзіндік ғылым, зәһири ғылым салаланып кетеді де, «толық адам» ілімін зерделеп танытатын ойшыл ақын Жүсіп Баласағұнидің «Құтты білік» дастанында кең тұрғыдан баяндалатын жәуанмәртілік ілімі мен Ясауидегі хал ілімі (кемел адам) жайлы «кітаптың жазғаны осы» деп көрсетеді» [5]. Абайдың қарасөздеріндегі ойларын шығыс ойшылдарымен де, батыс философтарымен де, қазақ дәстүрлі ой-танымымен де сабақтастыруға болады. Абай осылардың барлығымен жалғасып жатыр.
Абай өз санасында жүрек туралы қиялын шарықтатып, өзінің көркем мифін құрайтын қазақ лирикасында жүрек бейнесінің жаңа жиынтығын жасады. Абай: «ызалы жүрек», «ынталы жүрек», «ыстық жүрек», «асау жүрек», «жас жүрек», «ет жүрек», «асыл жүрек», «жаралы жүрек», «ауру жүрек», «сорлы жүрек», «жылы жүрек», «айнымас жүрек» деп, жүрек образын жасауда мифологиялық құбылушылықты негіз еткен, бұрын-соңды қазақ әдебиетінде болмаған жаңа жиынтық бейнесін туғызды. Аталған жүректер Абайдың ес жинап, ер жеткеннен өмірінің ақырына дейінгі өз басынан өткізген және елінің басынан өткен жағдайларды қорытып, жүрек бейнесін туғызған мифологемасы.
Абайдың Эгосы жүрек образы арқылы жанданып, жүректің іс-әрекеті, амалы негізінде жүрек мотивінің қалыптасуына алып келді. Абай өлеңдерінде ақынның жүрек мифологемасы заттанып, адам санасында белгілі бір образдар жүйесінің құрылуына ықпал етті. «Өлсем – орным қара жер сыз болмай ма» өлеңінде:
«Өлсем – орным қара жер сыз болмай ма,
Өткір тіл – бір ұялшақ қыз болмай ма.
Махаббат, ғадауатпен майдандасқан
Қайран менің жүрегім мұз болмай ма!» [6, 226 б.] –
деп өмірдегі махаббат пен дұшпандықтың қырғынын көп көрген ақынның қайран жүрегінің мұзға айналған образын көрсек, осы өлеңде:
«Амалсыз тағдырбір күн кез болмай ма,
Біреуге жай, біреуге тез болмай ма.
Асау жүрек аяғын шалыс басқан
Жерін тауып, артқыға сөз болмай ма!» [6, 226 б.] –
дегенде жүректің шалыс басқан адам кейіпіне ауысу мәнін көреміз.
Мифологиядағы құбылушылық Абайдағы жүрек образына тән. Ал өлеңнің мына жолдарында:
«Жүрегіңнің түбіне терең бойла,
Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла» [6, 226 б.], –
деп ақын адамды жүрегінің түпкіріндегі ешкім білмейтін, тіпті адамның өзі де танып бітпейтін шын сырын ұғындыруды көздесе, дәл осы ой «Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап» өлеңіндегі «...Жүрегіңе сүңгі де түбін көзде» деген өлең жолдарында кездеседі. Абай бұл жерде «жүректің түбіне» аса қатты мән береді. Осы өлең жолдарынан «жүректің түбі» деген тіркестің «теңіздің түбі» деген мағынаға айналғанын көруге болады. Өмірде теңіздің түбінен терең ешнәрсе жоқ. Абай адам жүрегінің терең сырын судың түпсіз тереңіне ауыстыру арқылы жүректің мәнін меңзейді.
Абай: «Білімдіден шыққан сөз» өлеңінде «...Жүрегі – айна, көңілі – ояу» десе, «Көзінен басқа ойы жоқ» өлеңінде:
«Жүректің көзі ашылса,
Хақтықтың түсер сәулесі,
Іштегі кірді қашырса
Адамның хикмет кеудесі.
Жүректе айна жоқ болса,
Сөз болмайды өңгесі.
Тыңдағыш қанша көп болса,
Сөз ұғарлық кем кісі» [4, 126 б.], –
деп жүректі адамның өз-өзіне қарап, өзінің іші-сыртын түгел көретін адам жанының айнасына ауыстырады. Осы жерде айна мифологемасы жүрек мифологемасының тууына негіз болады. Яғни өзінің екінші жағын, көлеңкесін көретін айна мифологемасын анық аңғарамыз. М.Бахтин әдебиеттегі мұндай құбылысты: «Айнадағы адам. (Человек у зеркала) Бұл құбылыстың қиындығы (қарапайым болып көрінуінде). Оның элементінде. Жай ғана формуласы: мен өзіме басқа біреудің көзімен қараймын, өзімді басқаның көзқарасымен бағалаймын. Бірақ бұл қарапайымдылықтың астарында өзгеше қиындық бар, бұл оқиғаға қатысушылардың (олардың көптігі) өзара қарым-қатынасы. Менің өзіме сыртқы бейнем қалай көрінеді. Мен өзім туралы ойлағанда, өзімді өзіме қалай көрсете алам» деп адамның өзіне айнадан қарағандай, өзінің жан-дүниесіне үңілуі деп түсіндіреді. Ендеше, көркем шығарма мазмұнына арқау болған көлеңке кескіні де кейіпкердің өз жан дүниесіне үңілуі, өзі айнадан көргендей өз бейнесіне өзге біреудің көзқарасымен қарауы деген байламға келеміз.
Кез келген халықта «жүрек» ұғымы мистика, дін және әдебиетте үлкен мағынаға ие. Мәселен, грек эпосының кейіпкері Одиссей «мейірімді» жүрекпен шешім қабылдайды, Илиадада ақымақ адамның «жүрегі ақылсыз» деп бейнеленеді. Үнді мистиктері адамның шынайы Мені, рухы оның басында емес, жүрегінде деп білген. Інжілде, Құранда жүрек туралы тәмсілдер өте көп. Ацтектер үшін жүрек өмірлік ұстанымдарды біріктіретін дін мен махаббаттың орталық діңгегі. Буддизмда Будда табиғатының негізі. Индуизмда Брахманың киелі мекені. Иудаизмде Ғибадатхана мағынасында айтылады. Адам баласы жүрек арқылы Құдаймен тілдеседі, Жаратушысын жүрекпен тыңдайды. Міне, жүрек архетипінің қаншалықты маңызды, қаншалықты көпқырлы екенін осыдан аңғаруға болады.
Әлем әдебиетінде жүрек архетипін негіз еткен шығармалар өте көп, әр халықта бар. Және олардың бәріне ортақ бір желі – таза, адал жүрек бақытты болудың бірден бір кепілі екенін насихаттау. Мәселен, неміс жазушысы Вильгельм Гауфтың «Салқын жүрек» ертегісінде Петер Мунк атты жас жігіттің өмірі жайлы. Әкесі тәрізді кенші болғысы келмеген ол орман рухы – Әйнек адам мен Голландық Михельге барады. Ол мол ақша үшін зұлым күшке өзінің ыстық, мейірімді жүрегін сатады. Кейін уақыт өте келе өзінің бұл ісінің қате болғанын түсінеді. Сөйтіп қулықпен өз жүрегін қайтып алады. Автор ертегі жанрында шын өмірде болуы мүмкін емес жағдайды суреттей отырып, оқырманға бай болсаң да басқа адамдарға деген жүрегіңдегі сүйіспеншілікті ешуақытта жоғалтпа, мейірімділігіңді сақта дегенді айтады. Өмірдің жалғыз мәні бай болу емес екенін насихаттайды.
Жазушысы Джеймс Крюстің «Тим Талер немесе Саудаланған күлкі» фантастикалық повесінде шындық пен қиял-ғажайып аралас келеді. Әке-шешесі ерте айырылған кішкентай бала өмір қиындықтарын өзінің риясыз күлкісімен жеңеді. Мұны байқаған сиқыршы кез келген париды жеңіп алу мүмкіндігіне баланың күлкісін сатып алады. Бұдан былай Тим өзі қатысқан паридің бәрінде жеңіп, байлыққа кенеледі. Бірақ уақыт өте келе ол өзінің риясыз күлкісінсіз өмір сүре алмайтынын түсінеді. Көп қиындықтардан соң достарының көмегімен күлкісін қайтарып алады. Бұл шығармада да бас кейіпкер байлыққа ие болғанымен өзін бақытсыз сезінеді. Ол байлыққа кенелемін деп бойындағы ең маңызды қасиеттерден – қуану, шаттану, өмірді жүрегімен сезіну қабілетінен айырылып қалады. Автор адам шын жүрегімен қуана білу қабілетінен айырылғанда бақытсыздыққа душар болатынын меңзейді.
Абай «Бір сұлу қыз тұрыпты хан қолында» өлеңінде үлде мен бүлдеге оранған жас қыздың кәрі шалға жар болғанына қорланып жартастан секіріп мерт болғаны айтылады. Осы оқиғаны баяндай келе ақын «Сән салтанат жұбантпас жас жүректі», «Епке көнер ет жүрек сату емес» деп ой түйеді.
Жапон жазушысы Нацумэ Сосэкидің «Жүрек» («Кокоро») романы (жапон тілінен тікелей аударғанда «Кокоро» мейірімді, ойшыл жүрек деген мағынаны білдіреді), Ф.М. Достоевскийдің «Әлсіз жүрек» әңгімесі және т.б. туындыларында Жүрек образы адам баласының ішкі әлемін ашып, шынайы болмысын танытуға қызмет етеді.
Абай поэзиясындағы Жүрек архетипі – лирикалық кейіпкердің ішкі әлемінің бейнесі.
Абай өлеңдерінде кең қолданыстағы Жүрек архетипі лирикалық кейіпкердің жай-күйін, сезім иірімдерін, ішкі танымын көрсететін образ. Сол арқылы адам болмысының құпия қырына үңілуге болады. Абай поэзиясындағы лирикалық кейіпкер Абайдың өзі емес, жиынтық, типтік бейне. Ол ақынның субъективті кейпін бермейді, керісінше көптің көкейіндегісін жеткізеді. Ақын «жүрек» ұғымын екі түрлі тақырыпта сөз етеді. Бірі – достық, махаббат тақырыбы, екіншісі – өзі туралы, халық, ел жайында сөз қозғағанда кең қолданады. Абай Жүректі кейде «жанды» образ сипатында берсе, кейде тұлғалық болмыстың орнына қолданады. Көбінесе жүрегімен сөйлесіп, жүрегімен сырласады. Абай поэзиясында Жүрек лирикалық кейіпкердің қиналған («Жүрегім менің қырық жамау», «Ауру жүрек ақырын соғады жай»), өзі болып тілдескен («Жүрегім, нені сезесің», «Жүрегім, соқпа, кел тоқта»), жасырын сырын айтар («Махаббат, ғадауатпен майдандасқан, Қайран менің жүрегім мұз болмай ма?») образы. Ақын Жүректі адамзат бойындағы ең асыл қазынасы деп біледі.
«Асау жүрек аяғын шалыс басқан», «Жаралы болған жүрекке, дауа бер, жамап сынайын», «Жүректегі жалынды көзден жас қып, ағызғаным болады ол неге сеп?», «Жүрегімді кескілеп сатып жүрген, арсыздарды досым деп неге аяймын?» т.б. өлең жолдары да лирикалық кейіпкердің ішкі толғаныстарын жеткізіп тұр. Абай шығармаларындағы Жүрек архетипі арқылы адамның ішкі әлеміндегі құбылыстар, өзгерістер, толқыныстар бейнеленген.
Абай шығармаларындағы Жүрек образы халық санасында ғасырлар бойы қалыптасқан, жалпы ұлтқа ортақ таным ретінде әбден бекіген образ. Жүрек образын сомдап, оған белгілі бір мағына үстеуде Абай жаңалық ашып отырған жоқ. Ол тек халық ұғымында ғасырлар бойы бедерленген түсінікті көркем тілмен кестелеп жеткізіп отыр. Тұтас бір ұлттың түпсанасында жатқан дүниені көтереді, су түбінде тұнып жатқан тасты көл бетіне шығарған іспетті. Сондықтан Абай айтқан Жүрек туралы ой-пайым көпке жақсы таныс, әбден түсінікті. Абайды халықтың сол сана түкпіріндегі жақсылықты іске асырмағаны қынжылтады. Абай «Тірі адамның жүректен аяулы жері бола ма? ...Рақымдылық, мейірбандылық, әртүрлі істе адам баласын өз бауырым деп, өзіне ойлағандай оларға да болса игі еді демек, бұлар – жүрек ісі. Асықтық та – жүректің ісі. Тіл жүректің айтқанына көнсе, жалған шықпайды. Амалдың тілін алса, жүрек ұмыт қалады.
...Қазақ та адам баласы ғой, көбі ақылсыздығынан азбайды, ақылдың сөзін ұғып аларлық жүректе жігер, қайрат, байлаулылықтың жоқтығынан азады» (14 қара сөз) дегені халық ұғымындағы «жүректің» негізгі сипатын ашып тұр.
«Ынталы жүрек», «ғаділетті жүрек», «ыстық жүрек», «жылы жүрек», «сорлы жүрек», «ауру жүрек», «кірлеген жүрек», «ызалы жүрек», «асау жүрек» және т.б. Абай қолданысындағы жүрек архетипінің ұлттық сипатының сан алуандығын танытады. Академик Р.Сыздықованың айтуынша, Абай қолданысындағы жүрекке қатысты эпитеттердің бірен-сараны ғана тұрақты эпитет. Басқа 14-15 Абайдың өзі тапқан эпитеттері. Ақын жалпы жүрек сөзін 150-ден астам рет қолданған. Және негізінен адамның ішкі дүниесі, сезімі деген ауыспалы мағынада қолданған.
Абай қарасөздерін ұғу үшін оның өмір сүрген қоғамының тарихын, саяси-экономикалық жағдайын білуіміз керек. Абай заманы тұтасымен қазақ даласының Ресей отаршылдарының басқару жүйесіне енген кезі болатын.
Болыстық билік ел ішіне алауыздық пен түрлі халыққа жат мінездерді шығарды. Абай ислам дінінің адамшылық пен тазалық, имандылық идеяларын халыққа үйреткісі келеді. Сондықтан да иманның не екендігін айтады. Иман жаратушыға деген таза сенімнен тұрады. Ол сенім берік болуы керек. Жаратушыға сенсе, оның айтар ғибадаттарына да сенеді. Жаратушы адамшылық пен тазалықты қалайды. Ендеше имандылық – Абай үшін қазақ қалайтын жүректегі тазалық. Бұл тазалықты іліммен толықтырып тұру керек. «Күзетшісіз, ескерусіз иман тұрмайды» – дейді Абай. Бұл иманыңның бар-жоғын, адамгершілігіңе өзің де есеп беріп, толықтырып, жетілдіріп, іліммен байытудың керектігі екінші шарты дейді. Осы екі шарт болса, иманнның бар екендігі.
Абай атамыз жеке адамға қатысты мінездерді талдай отырып, жалпы ұлтқа қатысты жағымсыз қасиеттерді талдап береді. 19-ғасырдың орта кезінен қоғам өзгерді. Бұл ұлттың танымын да өзгертті. Заманның жаңа заңдары мен талаптарына қарай халық мінезінде бұрынғыдан да көп жаңара түскен, бояуы қалыңдай түскен мінез сипаттары пайда бола бастады. Ұлы данышпан жеке адамға қатысты мінездің бір қалтарысты тұстарын талдай отырып, ұлттық қасиеттердегі, психология мен танымдағы сипаттарды талдайды. Ұлы Абайдың қарасөздеріндегі көптеген ойлары өлеңдеріндегі айтылғандары. Өлеңде айтқандарын ақын қара сөзбен, проза тілімен жеткізеді. Бұл туралы М. Әуезов айтқан болатын. Ақынның ішкі сезім толқындары, көңіл-күйі қара сөздерінің бірінде өлеңдегі күйін қайталайды.
Ұлы данышпан қазақты көп сынайтын мінезінің себептерін ашады. Өз халқын жақсы көрем бе, жек көрем бе деген қайшылықты ойды ортаға салады. Жақсы көрсем, көңіліме жаққанды айтар едім, ұнатпаған кезімде сол жақсылығын еске алып, үміттенер едім, бірақ ондай үміт етерім жоқ. Жек көремін деуге олардың ортасындамын, бірге сырласып, ойымды айтамын, іштегімді шығарамын. Жек көрсем, оларға жоламас едім деген ойды айтады. Әр халықтың өз дәстүрі мен танымы болады. Дегенмен сол дәстүрі мен танымын сақтай отырып, заманмен ілесіп дамуы да қажет. Абай қазақтың дамуға ілесе алмаған қоғамын сынайды. Қоғам өзгерген сайын заманның дегенімен ілесе алып, ғылым мен білімді игеріп, өнер мен кәсіпті үйренген халықтар қашан да өзгеден артық болады. Өзгеге үстемдік жүргізу деген – өзіңнің тауарыңды өткізіп, өзіңнің затыңды өзгенің қажетіне жаратуына жағдай жасау. Бүгінгі күні бұны – бәсеке дейді. Ұлттың мықтылығы бәсекеге қабілеттілігімен де өлшенеді. Бүгінгі бәсеке ғылым мен техника тілін жетік білу, жаңа технологияны игеру, игеріп қана қоймай соны өзгеге өткізуші ұлт болу. Осы жағынан алғанда, біздің жас өрендердің алдында үлкен міндет тұр. Бұл қазақ мәдениеті мен кәсібін, өнері мен жаңа технологиясын өзгеге үлгі ете алу.
Абайдың қара сөздері, ұлт болмысы мен келешегі туралы ой-тұжырымдары қазақ халқының сондайлық ерекше аласапыранды, алмағайып тарихи кезеңінің тұсында туды. Абай идеясы – қазақтың идеясы. Ұлт еркіндігін қамтып, ұрпақ мүмкіндігіне бағытталған көзқарас. Рух пен жанның, ақыл мен ардың, ойлау мен іс-әрекеттің, дін мен ғылымның, білім мен өнердің арасындағы ішкі тұтастықты зерделеп, оның адамзат, ұлт мәдениетінің жаңа уақыт міндетіне сай өркендеуі үшін, тарихи қажеттілігі мен құндылығын дәлелдеген дүние. Яғни, ойшыл даналығы өз алдына бір әлем, оның адамзат, ұрпақ үшін қасиеті мен мәнін, тарихи маңызын тани білген адам ғана сол әлемге еңбек етеді. Абай руханиятының өрісіне кіру, ұлт рухын бағалаумен тең.
Адамзаттың мәдени қазынасына, оның ішінде түркі әлемінің руханиятына теңдессіз сөз мұрасын сыйлаған хакім Абайдың шығармашылығы хақындағы пікір-пайымдардың бас-аяғын түгендеп, бір ғана зерттеудің ішіне сыйғызу оңай шаруа емес. Әсіресе, дүнияуи құндылықтар қат-қабат сапырылысқа түскен жаһандану дәуірінде ұлы ақынның әдеби шалқарына қайта көз салып, оны тану мен түсіну кезеңдерінің ізденістері мен іркілістерін, шырқаулары мен шырғалаңдарын әділетті байыптай білудің салмағы зор.
Айман ТОҚСАМБАЕВА
филология ғылымдарының кандидаты, профессор
Пайда ойлама, ар ойла,
Талап қыл артық білуге.