«Табысты тұлғаның Shakarim University-дегі дәрісі» айдары аясында Президент жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері Кәрімбек Арыстанбекұлы Құрманәлиев Филология жоғары мектебінің білім алушыларына «Еңбекқорлық және кәсіби біліктілік – маңызды құндылық» тақырыбында дәріс оқыды.
Кәрімбек Арыстанбекұлы дәріс барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың III Ұлттық құрылтайда айтқан маңызды бастамаларына кеңінен тоқталды. Ол Қазақстанның даму жолындағы негізгі құндылықтар – еңбекқорлық, кәсіби біліктілік, адалдық пен отансүйгіштік туралы ойларымен бөлісті. Әр адамның өз ісіне деген жауапкершілігі мен адалдығы арқылы үлкен нәтижелерге жететінін атап өтті.
Сонымен қатар, ол ғылым мен білімнің қоғамдағы рөлі, әрбір ұлттың ең басты рухани байлығы, мәдени мұрасы және тарихын сақтаушысы – тілі екенін баса айтты.
Ауылдан шығып, академик дәрежесіне дейін көтерілген Кәрімбек Арыстанбекұлы дәріс барысында Шәкәрім Құдайбердіұлының «Ар ілімі» туралы да терең ой қозғады. Ғалым бұл ілімнің қазіргі замандағы өзектілігін айта келіп, жастардың өз-өзін тануы мен ішкі рухани әлемін байытуы арқылы қоғамның әл-ауқатын жақсарта алатынын түсіндірді.
Кәрімбек Құрманәлиевтің айтуынша, Шәкәрімнің философиясы адамды рухани жетілдіруге, өзіндік есеп беруге, әділеттілік пен адалдықты өмірдің негізгі қағидаттары ретінде ұстануға шақырады. Ол жастарды осы ұстанымдарды күнделікті өмірде қолдануға үндеп, ар тазалығының қоғамның өркендеуінде маңызды рөл атқаратынын ерекше атап өтті.
Студенттер көкейінде жүрген сұрақтарын қойып, өз пікірлерін білдіруге мүмкіндік алды. Ұлттық құрылтай мүшесі жастардың сұрақтарына жауап бере отырып, олардың әрқайсысына өз әлеуетін толықтай жүзеге асыру үшін тынымсыз еңбек етіп, қоғам игілігіне үлес қосуға шақырды.