Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі19 желтоқсан 2024этнодизайн

ҰЛТТЫҚ ЭТНОДИЗАЙН КАБИНЕТІ АШЫЛДЫ

Тәуелсіздік күні қарсаңында Shakarim University Білім беру жоғары мектебінің Өнер кафедрасында Ұлттық этнодизайн кабинеті салтанатты түрде ашылды. Заманауи жабдықталған дәрісханалар ашу университеттің  дәстүріне айналған  және бұл үрдіс студенттердің сапалы білім алуына ықпал ететіні сөзсіз. Әрбір жаңа дәрісхана – тек білім беру кеңістігі ғана емес, сонымен қатар, білім алушының жан-жақты дамуына, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүзеге асыруға, халықаралық стандарттарға сай білім алуға жасалған тағы бір қадам.

 

Ұлттық этнодизайн кабинеті студенттердің шығармашылық қабілеттерін дамытып, қазақтың бай мәдени мұрасымен тереңірек танысуына мүмкіндік береді. Бұл кабинетте дәстүрлі өнер мен заманауи технологияларды ұштастыра отырып, ұлттық нақыштағы ерекше жобалар жасауға жағдай жасалған.

 

Кабинеттің ашылу салтанатында Shakarim University  ректоры Думан Орынбеков:  «Арнайы кабинеттер ашу – ежелден қалыптасқан дәстүр. Дәстүрдің жалғасын тапқаны, сабақтастық болғаны қуантады.  «Жұмыла көтерген  жүк жеңіл» дегендей, барлықтарыңыз бірлесе күш салып, осындай этнодизайн кабинетін ашып отырсыздар. Ұлттық құндылықтар арқылы жеке тұлғаларды тәрбиелейсіздер,   ал жас ұрпақтың бойында патриотизм, ұлттық сана-сезім, және мәдени мұраға деген құрмет қалыптасады. Семейде – Алаштың астанасында өнерді дамытуға міндеттіміз әрі мүдделіміз»- деді өз сөзінде.

 

Ал кабинетті таныстырған Өнер кафедрасының аға оқытушысы, мәдениеттану ғылымдарының PhD-докторы Еркебұлан Тәтиев:

 «Киіз үйдің символикасы қазақтың дәстүрлі дүниетанымдық көзқарасымен бірге астасып жатыр деп айтуға болады. Ғалымдардың пікірінше, киіз үй сәулет өнерінің әлемдік озық үлгісінің біріне жатады. Киіз үй тек баспана ғана емес, ол – сәулет, құрылыс, сурет, қолөнер сияқты бірнеше өнердің басын құрайтын ғажайып туынды. Кабинеттегі адалбақан, асадал, сандық, бесік  сынды тұрмыстық бұйымдар жас ұрпақтың ұлттық құндылықтарды көзімен көріп,  оларды сезінуіне, түсінуіне мүмкіндік береді»- деп атап өтті.