«АРМАНДАСТАР» АВТОРЫНЫҢ АРМАНЫ НЕМЕСЕ ТҰРСЫН ТҰРЫСХАНҰЛЫНЫҢ ТАЛАНТЫ ЖАЙЛЫ ОЙ ТОЛҒАМ
«Армандастар» құрамы арман арқалаған кілең жалынды жастар болды. Олардың өнерге деген құштарлықтары, намысқойлықтары, табиғи таланттары мен талмай ізденіп тер төккендерінің арқасында қысқа мерзім арасында ансамбль республиканы қойып, Одаққа танылды. Бірер мысал келтіре кетсек, 1973 жылы «Армандастар» ансамблі КСРО көлеміндегі Ауылшаруашылық институттары арасындағы көркемөнерпаздар байқауына қатысады. Омбы қаласында өткен осынау одақтық жарыста семейлік зооветтің өнерпаздары үшінші орынды иеленіп, арнайы дипломмен марапатталады. Байқаудың төрағасы КСРО-ға еңбегі сіңген әртіс Н.Афонинаның өзі «Армандастарға» айрықша тоқталып, тәнті болған.
Сол кезде республика көлемінде үлкен ұжымдар арасында патриоттық әндер байқауы деген өнер додасы болып тұрған. Осы байқауға 1975 жылы «Армандастар» да қатысып, республика бойынша қатысқан 52 өнер ұжымы ортасынан екінші орынды еншіледі. Айтпақшы, осы жылы «Армандастардың» солист-әншісі болып барып қайтқан Роза Рымбаева да үлкен сахнада бірінші рет жарқырап көрінген болатын. Бұл қысқа мерзімде қанат қатайтып үлгерген өрімдей өнерпаздар үшін аз жетістік емес еді, әрине. Сондай-ақ, осы байқауға «Армандастар» Семей атынан ВИА ретінде қатысып, Роза Рымбаева осы топтың жеке әншісі қатарында ән шырқағанын айтпай, кетуге болмас. Алматы сахнасынан айрықша талантпен, асқақ үн, әуезді әнмен үздік көрінген «Армандастарға» Шәмші Қалдаяқов, Ескендір Хасанғалиев сынды сахна саңлақтарының да назар аударып, талаптарына тілектестіктерін білдіріп шаң-қобыз және басқа да аспаптар тарту еткен.
Ендігі кезекте «Армандастардың» айдарынан жел естірген, жан дүниелері өнермен өрілген ұжым құрамын тарата кетсек. Ансамбль жетекшісі – Мұрат Тұраров, Бас гитарада Әбіл Сейсеков, соло-гитарада Тұрсын Тұрысханов, екінші Бас гитарада Төлеубек Сабалақов, ұрмалы аспапта Нұрлан Ахметқалиев және жеке әншілер Арқалық Бұтабаев, Темірболат Молдаханов, Өмірлік Мұхамедиев, Гуля Рахпанова, Лея Штайгер, Асыл Ибраев сынды қыздар мен жігіттер «Армандастардың» атағын аспанға шығарды. Бір қызығы, осы ансамбль жетекшісі Мұрат Тұраровтың ғана арнаулы музыкалық білімі болған. Қалғандары кілең зооветтің студенттері. Бірақ, бәрінің бойларында Тәңірдің тарту еткен табиғи таланттары бар еді. Бұл өнерпаз қыз-жігіттердің жастық жалынын, табиғи дарынын, өнердегі қарымын қатты бағалаған институт ректоры Уәлхан Әбділманов, малдәрігері кафедрасының меңгерушісі Кенеев Марат Айдарұлы секілді ұлтжанды ағалар «Армандастарды» үстінен құс ұшырмай аялап ұстауға атсалысып бақты. Десе де, түрлі себептерге байланысты «Армандастар» атағын алысқа жеткізген алғашқы құрам 1978 жылдары тарап тынады. Ол өз алдына жеке әңгіме болғандықтан, аталмыш ансамбльдің құрылу себептері мен «Армандастар» атайын қалай, кім қойғанына тоқталмақпыз.
1972 жылғы зоовет студенттері көңілін жібі түзу қазақ ансамблі жоқтығы алаңдата бастайды. Өйткені, қай мекеменің немесе жоғары оқу орындарының ансамбльдерінің репертуарлары кілең орысша әндер еді. Осыған қарсы қазақы болмыс, ұлттық бояуда ансамбль ашсақ деген жоғарыда аттары аталған жастар тілегі институт басшылығы тарапынан қолдау тауып, тез арада жүзеге асады. Студенттер арасынан талантты жастар іріктеліп, ансамбль құрамы жасақталады. «Ынта білдірушілер көп болғанымен, іріктеу өте қатал болды» дейді ансамбль жетекшісі болған Мұрат Тұраров. Осы іріктеуде ең ерекше көзге түскен Тұрсын Тұрысханов болғанын барлық замандастары күні бүгінге дейін мойындайды. Ендігі айтпағымыз да осы Тұрсын Тұрысханов жайлы болмақ. («Армандастарға» қатысты басқа азаматтар туралы айтудың да сәті бола жатар).
Ал, Тұрсын Тұрысханов жайлы ой толғауға Семей қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Құсмілия Нұрқасымның «Ұмытпаңдар мені» деген кітабы түрткі болғанын айта кеткен артық болмас. Тұрысханның Тұрсыны туралы ол кітап 2002 жылы жарық көрсе де, мен оны таяуда ғана оқыдым. Кітаптағы «Армандастар» вокалды-аспапты ансамбль туралы деректер және осы ансамбльдегі Тұрсынның рөлі ерекше әсер етті. Мақала кейіпкері туралы мағлұмат жинау мақсатында ансамбль жетекшісі болған Мұрат Тұраров және оның жұбайы Бикамал жеңгеймен әңгімелестім. Бұл кісілердің әңгімесі мен кітаптағы мағлұматтардан кейіпкерімнің табиғи талантын, азаматтық болмысын, кісілік келбетін анық байқағандай болдым. Ендеше, рет-ретімен әңгімелесек.
Тұрсын 1952 жылы Тұмабаевтар әулетінде дүниеге келген. Азан шақырып қойған есімі – Балташ. Сол себепті оны ауылдастары Балташ десе, кейінгі ортасы құжат бойынша Тұрсын дейді. Ақайхан деген ағасы туу туралы куәлік аларда осылай жаздырып жіберген. Әңгіме арқауы Тұрсынның бүгінде облыс, республикаға есімі мәлім Мұхит Тұмабаевтың туған ағасы екенін айтпай кетуге болмас. Тұмабайдың Тұрысханынан Тұрсын, Мұхит, Нұрхан, Тұрсынға тамаша талантты Тәңір тумысынан бергенге ұқсайды. Өйткені, оның анасы Рәбиға және нағашысы дәулескер күйші, ауыз әдебиетіне жүйрік адам болыпты. Тұрсын атасынан «Қаражорға» күйін мектепке бармай тұрып-ақ үйреніп алған екен. Бала күнінен музыка мен әдебиетке бейім ол мектеп бітіріп, әскерден оралып, оқу таңдағанда әке ықпалымен Семейдің зооветіне келіп түседі. Бұл әлгінде әңгіме қылған «Армандастардың» аяқтан тұратын қарсаңы. Ол тұста ауыл балаларын осы зооветке бағыттау үрдіс алып тұрған. Әр тараптан арман қуып зооветке табан тіреген жастар арасында кімдер жоқ дейсің, небір талант иелері болғаны рас. (Жақсылық Үшкемпіров те осы ортадан шықпады ма). Сол талант иелерінің бірі Тұрсын еді. Бұл кезде ол домбыра, мандолин, гитара, басқа да аспаптарда төгілтіп ойнап, тыңдарманын таң-тамаша қылып жүрген еді. Жай ғана өнерпаз емес, өзгеге сын айтатындай шамасы, жақсы-жаманды айыратын санасы бар талғампаз өнер иесі өзі секілді бойында елжандылығы басым азаматтармен танысып, топтасып орта құрып, оң-солдарын айыра бастайды. Өмірге деген көзқарастары ортақ азаматтардың алғашқы байқағандары – Семей сахналарында ұлттық әуендердің орындала бермейтіндігі. Жиырма жастың айналасындағы арманы асқақ жігіттер сол кездің өзіңде-ақ ұлттық өнерді ұлықтауға бел буады. Осы бел буғандардың бел ортасында Тұрсын жүрген. Жай жүрген жоқ, «Армандастар» репертуарын ұлттық бояумен байытуға бір кісідей атсалысты. Дәстүрлі әндерімізді эстрадаға түсіруде ерекше күш шығарып, халықтық әндердің болмысын бұзбауды бірінші кезекке қойды. Бұл, әрине, «Армандастар» құрамының алға қойған ортақ мақсаты әрі оған ансамбль мүшелерінің барлығының да үлесі зор. Дегенмен, Тұрсынды бөліп айтқызатын бірнеше себеп бар. Соның бірі – кез-келген музыка маманымен ұлттық өнерге қатысты пікір таластыра алатындығы. Ол жөнінде майталман музыкант, Қазақ КСР-не еңбегі сіңген мәдениет қызметкері, әйгілі «Қаламқас» халық ансамблін 14 жыл басқарған Мұрат Тұраровтың «Армандастарға» қатысты естелігінен үзінді келтіре кетейік.
«Шынымды айтсам, орталарындағы музыкалық сауаттысы мен ғана едім. Қалғаны түгел табиғи талантты студенттер «Армандастар» ұлттық нақышта болса, ешкімге ұқсамайтын ансамбль болса деп жанталастық. Оның сол кездегі бірден-бір жолы – халықтық әуендерді эстрадалық стильге түсіру еді. Яғни «аранжировка жасау». Бұл мәселеде Тұрсын мен үшін таптырмас қазына болды. Ұлттық әуеннің неше атасын білетін. Қанабек Байсейітов Нұрғиса Тілендиев туралы: «Оның қоң етін ойып алып лақтырып тастасаң, бүлкілдеп күй шертіп жатады» дегені бар екен. Тұрсында мен үшін солай болатын. Мен айтқан идеяларымның тәжірибе жүзінде бірнеше вариантын алдыға «жайып» тастағанда, қайсысын таңдарымызды білмей дауласып қалатынбыз. Өз бетімізбен эстрадалық стильге түсіріп, өңдеген алғашқы халықтық әуеніміз «Маусымжан» болды. Ойдағыдай шыққанына бәріміз балаша қуандық. Содан соңғы ән – «Дударай». Төрт дауыста шығардық. Эстрадаға этнографиялық аспаптар араластырдық. Осы әге қатысты Тұрсын: «Махабатта ұлт болу керек па, жоқ па, ол жағын білмеймін. Бірақ «Дударай» Мариям Жагорқызының әні емес. Бұл – таза қазақи бояулы ән. Оны Дударай есімді қазақ жігітінің жолдасы шығарған» деді. Қайдан оқыды, кімнен естіді, оны сұрамаппыз...».
Міне, осынау шағын үзіндіден Тұрсынның «Армандастар» атағының аспандығына қаншалықты үлес қосқандығын аңғару қиын емес. Әрбір ән төңірегінде пайымды ойлар айта білуі тек музыканттығын ғана емес, әдебиетіміз бен мәдениетімізге көп тоқығандығында білдіреді. Бұлай дейтініміз, оның адам танығыштығы, көңілі ауған жандарға ат қойғыштығы да қазақи мінезге тән. Жоғарыда әйгілі әнші Роза Рымбаева Алматы сахнасында алғаш рет осы «Армандастармен» танылғанын айтқанбыз. Оқушы Розаның әнді көбінесе орысша шырқап жүргеніне сын айтып, қазақша әндер айтуын талап еткен де осы Тұрсын болған. Сол кезде Роза туралы Тұрсын айналасына «Тәңірім осы баланың таңдайына бояуды аямай-ақ жаққан» дейді екен.
Адам танығыштығына айғақ мысалдар аз емес. Соның бірі – Нұрхан қарындасының жолдасы Оралханның шебер домбырашы болуына себепкер болғандығы. Спортта жүрген сақа жігіт Оралханды Мұрат Тұраровқа алып келіп: «Менің мына күйеу балама домбыра үйретіңізші, бұл мықты күйші болады» деген. Расында, уақыт өте келе Оралхан домбыраның құлағында ойнайтын күйші болып, қазір Секен Тұрысбековтың «Ақ жауын» ұлт-аспаптар оркестрінде белді күйші. Секен демекші, кезінде Секен Тұрысбековтың Семей музыкалық училищесіне баруына да Тұрсын түрткі болыпты.
Тұрсын Тұрысханов «Армандастар» вокалды-аспапты ансамблінде соло-гитараны ойнаған. Бұл аспап ансамбльде ең әуезді үн шығарады. Соло-гитара қаншалықты шебер ойналса, анағұрлым ансамбль ажары ашылмақ. Тұрсын Тұрысханов та сол бір соло-гитараңызды сұңқылдатқанда, тыңдарман тәнті болмай қайтпайтын. Мысалмен келтіргенде, «Дос-Мұқасандағы» Мұрат Құсайыновтың рөлі.
«Дос-Мұқасандағы» үлгі тұтқан «Армандастар» Алматыға барғанда олармен, олар Семейге келгенде бұлармен шығармашылық байланыс орнатқан болатын. «Дос-Мұқасанның» жігіттері семейлік әріптестерінің өнеріне тәнті болып, сәттілік тілеген, Тұрсын секілді тума таланттарға музыкалық білім алуға кеңес берген. Өздерінің құрамына шақырған. Музыка мамандарының Тұрсынға тез назар аударатындығы – оның қандай әуенді болмасын естіген сәтте тез қабылдап, аудырмай қайталайтындығы. Мұны музыка тілінде «абсолютный слух» десе, осы қасиет бұл азаматта ерекше болған.
«Армандастардың» жетістігі – ұжымдық жұмыстың жемісі. Ұжым болған соң пікірталас, бір мәселеге түрлі көзқарас болатыны анық. Мұндайда Тұрсынның табиғаты – көптің көңіліндегісін түбегейлі тыңдап, шешуші сәтте ғана әңгімеге араласу. Бірде соло-гитара төңірегінде түрлі ұсыныстар айтылады. Бәрібір, бәрі бітімге келе алмайды. Іспен дәлелдеуден басқа амалы қалмаған Тұрсын кезекті концертке шығарда жанындағыларға сездірмей сахнада қалып қояды. Уақыт тығыз, «Армандастар» медакадемиясы сахнасында соло-гитарасыз концерт қойып шығады. Жолдастары «Ол қайда кетті? Оған не болды?» деп іздей бастағанда, көрермендер ортасынан күлімсіреп Тұрсын келе жатады. Бұл да бір шиеліністі сәтті ширықтырмай шешудің тәсілі еді.
Жақсылық жолында жанын жалау еткен Тұрсын – талай игілікті істерге дәнекер бола білген жан. Оның бірқатары жоғарыда айтылды. Асқақ арман арқалаған азамат алға қойған мақсаттың біріне жетсе де, бірталайына жете алмай, 42 жасында қайтпас сапарға аттаныпты. Ансамбльге «Армандастар» деп ат қоюды ұсынған ұлтжанды жігіттің тағы қандай арманы болды екен? Ол төмендегідей.
«Армандастар» ансамблі жабылып, құрамындағылар оқуларын бітіріп, әркім өз жолымен кетеді. Араға жылдар салып Тұрсын Мұрат Тұраров ағасымен 1991 жылы қайта жолығады. Бұл кезде Тұрсынның Семей ет комбинатында қызмет етіп жүрген кезі. Мүкең болса Абай ауданынан жанұясымен қала жағалап келген беті. Мүкеңнің өнеріне, адамгершілігіне, адалдығына тәнті Тұрсын: «Қалаға келгеніңіз жақсы болды. Қазір тәуелсіз елміз, қазақ өнерінің жұлдызы жанатын уақыт туды, баяғы «Армандастарды» қайта қалыпқа келтіреміз, сол жолға барымызды саламыз» деп, арман-мақсаттарын үсті-үстіне бастырмалата түседі. Сол үшін ең қолайлы жер-қала іргесіндегі «Приречный», онда бауыры Мұхиттың мал дәрігері екенін түсіндіріп, Мүкеңнің «Приречныйға» қоныстануына қолғабыс тигізеді. Бұл әңгіме сөз жүзінде қалмай, сол кезде-ақ мектеп жанынан «Ахау, Семей» атты ансамбль ашып оған ауылдың талантты жастарын, оқушыларын тартады. Тұрсынның бастамасымен 1992 жылы «Приречныйда» алғаш рет Наурыз мерекесі тойланады. Киіз үй алдыртып, қазақ отбасыларын ұлттық мерекеге ортақтастырады. «Приречный» тарихындағы тұңғыш Наурыз осылай жүзеге асқан. Ол кезде «Приречный» қазақ санының аздығын арқаланды ма, жергілікті неміс жастары қазақша ән шырқап тұрған аппаратураны құлатып кетеді. Наурыздың ойдағыдай өтіп, қазақ ағайындардың марқайып қатты қуанған Тұрсын Мүкеңді «Ақтанбердім» дейтін әдетімен: «Ақтанбердім, бұл алғашқы Наурызымыз ғой, аманшылық болса алдағы жылдары бұдан да жақсылап өткізетін боламыз. Осы ауылды дұрыстап қолға алуымыз керек. Біз өнер жағын көтерсек, Мұхит бауыр шаруашылығын көтереді әлі, оған оның қарымы жетеді. Күні туса, ауылдың атын «Ертіс» деп ауыстыратын боламыз» - деп көңіліндегісін ақтарып салады. Бірақ, амал не, арада біраз жыл өткенде өзі өмірімен қош айтысқан.
Содан бері де 15 жылдың жүзі болыпты. Соңында Әсиядай жары, Ринат пен Асқардай ұлдары, Заринадай қызы қалған. Өкінішке орай, «тура Тұрсынның өзіне тартқан» деп жүретін баласы Асқар былтыр әкесі жатқан мекенге мезгілсіз аттанды...
Өмірден ертелі-кеш әркім де өтер. Әйтсе де, жүріп өткен жолыңда жұрт айта жүрер ізің қалса, ол да ғұмырыңның бір жалғасы. «Армандастарда» айшықты қолтаңбасы бар Тұрысханның Тұрсыны – «Приречныйдағы» өнер ошағының алғашқы түтінін түтетіп, отын жағушы. Сол мәдени орталықтан жастарымыздың бірі дәріс алып қанат қақса, өнерден өзін іздеген енді бір өскіндер тәлім алуда. Солардың бәрі Тұрсын баптап кеткен топырақта көктеп келе жатқан дән секілді...
Қайрат САБЫРБАЙ
«Ертіс өңірі»
2009 жыл
Ақылды киiм бермес, ғылым берер,
Ғылымын ал, өнерiн ал, мұны таста!