Жас ұрпақтың жастайынан тәрбиеленудің маңыздылығын қазақ халқы ерте түсінген. Ешқандай жоғары білімсіз-ақ, тәрбиенің оңтайлы әдістерін баласының бесігінен бастаған халқымыз тентегіне де: «сен оңбассың, адам болмассың» дегенді тұқыртып, бетін қайтарып айтуды жөн көрмеген. Адамдықтың парызын перзентінің көкірегіне тапсырып, іс әрекетін қадағалаған.
Бүгін Шәкәрім университетінде «Отбасы хрестоматиясы жобасы» бойынша басылып шыққан «Балалықтан даналыққа» кітабының авторы Сейілбек Мырзабаймен кездесу өтті. Кездесуге университет басшылығы, білім беру мамандары, профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушылары қатысты.
Жиында сөз сөйлеген автор қазақтың ертегі, қиссаларын, классикалық құндылықтарын бойына сіңіріп өскен бала өмірге, білімге, қай бағытқа, қай салаға қай ғылымға салсаңызда түбі бір жерді тесіп шығатынына көзі жетіп, тәжірибесінде пайдалана бастағанын, аталған тәжірибе оң нәтиже бере бастаған соң кітаптың жазылуына себеп болды деп басылымның мазмұнына тоқталды. Сондай-ақ білім алушыларғы психология, логотерапия, экзистенция, ұлттық құндылық тақырыптарында дәріс оқыды.
Автор кітапқа логотерпия және экзистенция анализі негізінде талданған кітабын пихология ғылымдарының докторы, логотерапевт Элизабет Лукастың тәжірибелерін молынан енгізгенін айтты. Басылымға оқушылармен жүргізілген сауалнама нәтижелері, автордың түрлі ситуациядағы оқиғалары мен сұхбаттары кірген.
Басылым баланың болмысы мен оның тәжірибесіне тереңінен үңілген барша ата-аналарға, оқушылармен тікелей жұмыс істейтін мектеп психологтарына, пән мұғалімдеріне, сынып жетекшілеріне факультативті құрал ретінде ұсынылады.
Сейілбек Мырзабай – ұстаз, тарихшы, автор. Еңбек жолын 2010 жылы Түркістан қаласы “Дарын” колледжінде мұғалім болып бастады. 2014-2016 жылдары «Азат Еуропа/Азаттық Радиосы» халықаралық медиа компаниясының Қазақ қызметінің вебсайтының журналистеріне ағылшын тілінен сабақ берді. 2017 жылдан бастап «Отбасы Хрестоматиясы» қоғамдық қорының жұмысына кірісті.
«Рухани жаңғыру» аясында елордада және еліміздің өңірлерінде мектеп мұғалімдері мен ата-аналарға, оқушыларға, студенттерге лекциялар оқыды. 2013 жылы «OtukenEnglish» жеке оқу орталығын ашып, балаларға ағылшын тілін үйретіп, жалпы адамзаттық құндылықтарды насихаттайды.