Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі10 тамыз 2022абай күні, тағзым ету

БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ АБАЙ РУХЫНА ТАҒЗЫМ ЕТТІ

Бүгін – Абай күні. Ұлы тұлғаның туған күніне орай Абай елінде рухани шаралар ұйымдастырылды. Орталық алаңдағы Абай ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, семейліктер қазақтың бас ақынының рухына тағзым етті.
 
10 тамыз – халқымыздың ұлы перзенті, ақын, ағартушы, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы, философ, композитор, аудармашы, саяси қайраткер Хәкім Абайдың туған күні.
Абай ескерткіші алдында ұйымдастырылған танымдық шарада сөз сөйлеген Университет басшысы Бауыржан Ердембеков бүгінгі күннің маңыздылығын атап өтті.
 
– "Бұл күн – қоғамдық сананы жаңғыртатын, тұтас ел, ұлт болып дамуымызға серпін беретін зор мәнге ие. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, Абай – жаңа Қазақстанның бренді, Абай қазақ ұлтын әлемге танытушы тұлға. Қара шаңырағымыздың миссиясына сай біздің мұратымыз ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген Абай аңсаған кемел тұлғаны қалыптастыру", – деді Бауыржан Аманкелдіұлы.
 
Шара Абайдың "Жидебай-Бөрілі" мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінде Мұхтар Әуезовтың 125 жылдығына арналған "Ұлылар әлемі" атты дөңгелек үстелімен жалғасын тапты.