Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі22 қазан 2021

БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ МЕН СПОРТШЫ СТУДЕНТТЕРІМІЗ ЖҮЗДЕСТІ

Жақында Қызылорда қаласында дзюдодан өткен халықаралық турнирде біздің студентіміз Роза Нысантайқызының 600-ге жуық жас татами шеберлері арасында жүлделі болғандығын хабарлаған болатынбыз. https://www.instagram.com/p/CU4IWqctLG7/ Сондай-ақ самбодан жастар мен жасөспірімдер арасында Грецияда өткен әлем чемпионатында «Дене шынықтыру және спорт» білім беру бағдарламасының 4 курс студенттері Нұрым Қайроллин мен Есентай Имахановтар қола жүлдеге ие болған еді.
Додада топ жарған шәкірттерді университет басшысы Бауыржан Аманкелдіұлы арнайы шақырып, құттықтады. Ректор құттықтауы шәкірттер мен ұстаз арасындағы жылы жүздесуге ұласты.

Университет басшысы оқу орнында ғылым, спорт, қоғамдық жұмыстарда жетістікке жеткен әрбір білім алушыға бір айлық стипендия тағайындалатындығын айтып, "Сол шешім бойынша бірінші стипендия сіздерге ұсынамыз" деді. Стипендияның заңдылығы мен қаржының жүлдегер спортшыларымыздың қолына дер кезінде тиюін қадағалауды кафедра меңгерушісі Дулат Советханұлына тарсырды. Сонымен қатар спорт саңлақтарына оқудан кейін магистратураға түсіп, кейін қара шаңырақта еңбек етуге кеңес берді.

Кездесу соңында университет ректоры халықаралық жарыстарда еліміздің намысын қорғап, облыстың спорт саласындағы жетістіктерін еселеп жүрген спортшы студенттеріміз бен жаттықтырушысын алғыс хаттармен марапаттады.

Жүздесуден соң Бауыржан Аманкелдіұлы Басқарма мүшелеріне болашақта шығыс өңірінен шыққан Д.Тұрлыханов, А.Нұғымаров, М.Тұрсыновтар сынды спорт қайраткерлерімен университет студенттері арасында тағылымды кездесулерді жоспарлауды тапсырды.