Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі16 наурыз 2022послание

БІЗДІҢ МҰРАТЫМЫЗ - ЖАҢА ҚАЗАҚСТАНДЫ ҚҰРУ

        Мемлекет басшысы  Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін парламент палаталарының бірлескен отырысына қатысып, Қазақстан халқына Жолдау жасады. Президент еліміздің саяси, әлеуметтік-экономикалық жүйесіндегі маңызды бағыттар бойынша жүзеге асырылатын саяси реформаларға  талдау жасап, кешенді баға берді. Сонымен бірге, елдегі конституциялық құрылым мен оның мүддесін қорғау басты мәселе екенін шегелеп айтып өтті. 

       Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы жиында еліміздің болашақ дамуы мен өркендеуіне түрткі болатын жаңа міндеттерді нақтылады. Ең бастысы мемлекетіміздің басқару жүйесінің стратегиясын айқындап, талдап, сараптап отыратын Парламенттік жүйенің жұмысын жетілдіру қажеттілігін айтты. Бұл мемлекетті монобасқару емес халықтық, демократиялық, ғаламдық ағым үрдісінде болуға мүмкіндік беретінін атап көрсетті. Осы орайда, мемлекеттің егемендігіне қауіп туғызатын барлық әрекеттерге қарсы тұру шараларын жандандыруды тапсырды.

        Ел Президенті Қазақстан халқына Жолдауы бүкіл әлемді алаңдатып отырған саяси ахуалға байланысты елімізге алып келген зардабы мен өзгерістерін айта келіп, еліміздің әлеуметтік дамуына, ел тұрғындарының табысы мен жұмыс орындарының сақталуын, халқымыздың болашағы жолындағы жұмыстарға басты назар аудару керектігін қадап айтты. Жолдау еліміздің болашақ дамуы мен ертеңгі күнге бетбұрысын айқындап берді. Қазіргі кезеңдегі саяси ахуалға байланысты азық-түліктің бағасын тұрақтандыру, халықтың  тұрмыс жағдайын көтеру мәселесі ұлтымыздың сапасын арттырудағы басты бағыт екендігін айқындай келе,  нақты тапсырмалар берді.  Барлық әлеуметтік –экономикалық бағыттардың дамуы, ел тағдыры үшін маңызды.

       Қазақ халқының әрбір азаматының көкейінде жүрген мәселені шешу жолына арналған жаңа жолдау, ел дамуы мен халқымыздың өмірінде біршама жаңашылдықтың болатынын айқындап берді. Бүгінгі жолдауда аталған  міндеттерді жүзеге асыруға еліміздің әрбір азаматы атсалысуы тиіс деп ойлаймын.  Болашақ – бірлікте. ЖАҢА ҚАЗАҚСТАНДЫ  БІРЛЕСІП ӨРКЕНДЕТУГЕ ШАҚЫРАМЫН!

Қымбат Байсарина Тарих ғылымдарының докторы, профессор