Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі08 ақпан 2022студенты, бизнес, кәсіпкерлік

Бизнес бастау - бүгіннен

Жастар - кәсіпкерлік ортадағы ең маңызды буындардың бірі. Ертеңгі елдің экономикалық өсу екпіні - бүгінгі жастар бизнесінің дамуына тікелей тәуелді. Осылайша, бүгінгі күні жастар кәсіпкерлігі Қазақстандағы шағын бизнес дамуының басым бағыттарының бірі болып табылады. Аталған бағытта Шәкәрім университетінде де жастардың бизнесін дамытуға арналған жобалар кеңінен қарқын алуда.
Осы орайда ағымдағы жылдың 8 ақпан күні университетіміздің Кәсіпкерлікті дамыту және коммерцияландыру бөлімінің ұйымдастыруымен «START-UP жобаларын әзірлеудің құжаттамалық-әдістемелік негіздері» тақырыбында студенттерге арналған семинар өтті. Шара жастар арасында кәсіпкерлікті дамытуды көздейді.
Жиында Кәсіпкерлікті дамыту және коммерцияландыру бөлімінің жетекшісі А.Оразғалиева білім алушыларға Start-up жобаларды жүзеге асыру жағдайы, дамыту бағыттары және мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар, қаржыландыру жайында кең көлемде мәлімет берді. Шәкәрім шаңырағында жүзеге асып жатқан «Бөдене өсіруші шағын-ферма», «Ветеринарлық дәріхана», «Омарташылық оқу кабинеті» және т.б. жоба жұмыстарымен таныстырды.
Семинар барысында Enactus Kazakhstan ұйымының өңірлік менеджері , университетіміздің студенті А.Мырхиева Шәкәрім университеті базасында Enactus Shakarim жастар ұйымының бастамасымен жүзеге асқан бірқатар әлеуметтік маңызы зор StartUp идеяларының нарықта табысты іске асырылғанын үлкен мақтанышпен айтып өтті. Бүгінде жас та болса, білікті де білімді жас іскерлердің қоғамға пайдасын тигізуді көздейтін бизнес идеялары сәтті жүзеге асырылып жатыр.
Шәкәрім университеті 2022 жылдың 20 қаңтары мен 15 сәуір аралығында «Start Up – Шәкәрім 2022» жобалар байқауын жариялайды. Университетіміздің білім алушылары мен оқытушыларын аталған жобаға белсене қатысып, бизнес идеяларды жүзеге асыруға шақырамыз!