Білім беру деңгейі экономикалық және ғылыми-техникалық прогрестің ең негізгі көрсеткіші екені белгілі. Шәкәрім университеті қазіргі заманғы еңбек нарығының сұранысына, Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық даму міндеттеріне сәйкес сапалы білім беруге ұмтылады.
Осы ретте, ЖОО түлектерін жұмысқа орналастыру және жастарды жұмыспен қамту мақсатында қара шаңырақта дәстүрлі бос орындар жәрмеңкесі өткізілді.
Мақсаты: Еңбек нарығының кадрлық қажеттіліктерін анықтау, түлектерді жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу үшін жұмыс берушілермен байланыстарды күшейту, яғни екі мүдделі тарапты – жұмыс берушілер мен түлектерді бір алаңда біріктіру.
Жәрмеңке 2 бөлімнен тұрды. Бірінші бөлімді университет басшысы Б.Ердембеков ашып, көпсалалы мамандарды даярлайтын оқу орнының бітіруші түлектерін жұмыспен қамту орайында өткізіліп отырған шараның мәні мен маңызына кеңінен тоқталды.
Сонымен қатар, спикерлер білім беру, экономика және қаржы саласында кадрлар даярлау мәселелерін талқылады. Қазіргі таңда орыс тілі, математика, физика, музыка, бастауыш сынып мұғалімі сияқты мамандарға сұраныс өте жоғары екендігін сөз етті.
Атап айтар болсақ жиынға Семей қаласынан ғана емес, Шығыс Қазақстан облысының 13 ауданы мен 4 қаласынан мемлекеттік мекемелер, жетекші кәсіпорындар мен ұйымдар қатысты.
Бірінші бөлім аясында Аягөз ауданының білім бөлімінің басшысы Н.Азимбаев педагог мамандар даярлаудағы өз пікірін ортаға салып, болашақта дуалды оқыту бойынша студенттерді ақылы қабылдау мүмкіндігін, сондай-ақ студенттердің барлық жағдайын жасауға даярлығын баса айтты.
Ұлан ауданының білім бөлімінің басшысы Қ.Оспанғалиев аудан бойынша мектептерде 106 вакансия бар екенін тілге тиек етті.
«Қазақстан Халық Банкі» АҚ Семей өңірлік филиалының директоры Г.Байтерекова оқу орынның экономика, қаржы мамандарына арналған «TRAINING CENTRE» оқу орталығының талғамы биік бәсекеге қабілетті мамандар дайындауда пайдасы зор екендігін айтты. Бүгінгі таңда 400 қызметкері бар өңірлік филиалдың 26%, яғни 117 қызметкері университетіміздің түлектері. Сонымен қатар, филиал 22 бос орын ұсынып отыр. Оның 12-сі Семей қаласы, 10-ны аудан орталықтарына жіберіледі.
Іс-шараның екінші бөлімінде жұмыс берушілердің түлектердің түйіндемесімен танысуына және face-to-face кездесуіне мүмкіндік берілді.
«Бос орындар жәрмеңкесін ұйымдастыру біз секілді жас мамандар үшін өте маңызды. Бүгінгі жәрмеңкеде Бесқарағай ауданының Ерназар орта мектебімен келісімге отырдым. Қара шаңырағымыздың миссиясына лайықты дарынды оқушыларды тәрбиелеуде өз үлесімді қосқым келеді»,-деді Жаратылыстану-математика факультетінің студенті Ж.Нұрымжанов.
Аталған шараға 1000-ға жуық студент пен 110 жұмыс беруші қатысып, түрлі бос жұмыс орнын ұсынды. Жәрмеңке нәтижесінде 50%-дан артық бітіруші курс студенттері алдын-ала келісімге отырды.
Жаһанды жаулаған пандемиядан кейін бос орындар жәрмеңкесі 2 жыл үзілістен кейін университетте ұйымдастырылды. Алдағы уақытта «Бос орындар жәрмеңкесі-2022» 4 мен 5 сәуір аралығында инженерлік-техникалық және аграрлық бағытында жалғасын табады.