Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі18 желтоқсан 2021

"ENGLISH ACCESS PROGRAM" ЕКІ ЖЫЛДЫҚ БАҒДАРЛАМАСЫ

АҚШ елшілігінің екі жылдық Access бағдарламасы Семей қаласында әлеуметтік төмен отбасылардан шыққан жоғары сынып оқушылары мен студенттер үшін ресми түрде іске қосылды. Семей қаласындағы АҚШ Елшілігінің "English Access Microscholarship Program 2021/23" бағдарламасының ресми ашылуы Шәкәрім университетінде өтті.
Бағдарлама елімізде 2007 жылдан бастап жүзеге асырылуда. АҚШ Мемлекеттік департаменті демеушілігімен ауқатсыз, көп балалы, мұқтаж отбасылардан шыққан балаларға ағылшын тілін, АҚШ мәдениеті мен құндылықтарын үйренуге, өмірлік маңызды дағдыларды екі жыл бойы тегін дамытуға мүмкіндік береді.
Биыл бағдарламаға алғаш рет жоғары сынып оқушыларынан басқа 16-21 жас аралығындағы жоғары оқу орындары мен колледждердің негізгі пән ретінде ағылшын тілін оқитын студенттері қатысты. Бағдарлама жаңа мақсатты аудиторияға бейімделген. Шәкәрім университеті студенттер тобын оқыту үшін аудиториялық қор ұсыну арқылы жобаға қолдау көрсетті.
Аталмыш бағдарлама қатысушыларға ағылшын тілін меңгеру деңгейін арттыруға, АҚШ мәдениеті мен құндылықтарымен танысуға, коммуникация, сыни және жүйелі ойлау, топтық жұмыс дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді.
Оқу аяқталғаннан кейін қатысушыларға американдық "English Access Microscolarship Program" бағдарламасынан өткені туралы сертификат және USG Program Alumni мәртебесі (АҚШ Мемлекеттік департаменті қаржыландыратын бағдарламаның түлегі) беріледі.