Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толуына орай Алматы қаласында өткен «Ахмет Байтұрсынұлы – Ұлт ұстазы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға шәкәрімдік ғалымдар да қатысып қайтты.
Шараның басты мақсаты – қазақ халқының ар-ожданына айналған біртуар тұлғаның өмір жолы мен қоғамдық-саяси қызметін, қайраткерлігі мен күрескерлігін, шығармашылық мұрасын насихаттау.
Халықаралық конференцияға отандық және алыс-жақын шет елдерден 100-ден астам ғалым-зерттеушілер жиналған. ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры Мәмбет Қойгелдиев, ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, «Астана» халықаралық қаржы орталығы Әкімшілік департаменті директорының орынбасары Шерубай Құрманбайұлы, профессор Нергиз Бирай (Түркия), профессор Гүлжанат Эрджиласун (Түркия), PhD доктор Өзгежан Кисижи (Германия), профессор Ким Сан Чоль (Оңтүстік Корея), профессор Бекир Түмен Сомунджуоглу (Түркия), PhD доктор Бахром Ирзаев (Өзбекстан) сынды ғалымдар пленарлық отырыста баяндама жасады.
Конференция барысында тарихшы ғалым, Shakarim University профессоры, т.ғ.к., Каримов Мұхтарбек Қарпықұлы ""Әлихан Бөкейхановқа Дума сайлауында қолдау көрсеткен кейбір тұлғалар хақында" атты баяндама оқыды.
Мұхтарбек Қарпықұлы:
– «Ахмет Байтұрсынұлының қайраткерлік жолы бүкіл түркі жұртына ортақ, оның өлшеусіз еңбегін жұмыла зерттеп, саяси тұлғалық бейнесін танытатын уақыт жетті», – деді.
Ұлықтау шарасында Ахмет Байтұрсынұлының 12 томдық шығармалар жинағы мен Түркиядағы серіктес оқу орны – Памуккале университетінің профессоры, алаштанушы ғалым Нергиз Бирайдың
TC Nergis Biray Ахмет Байтұрсынұлы туралы зерттеу еңбектерінің тұсаукесері өтті.
Жинаққа қайраткердің бұрын-соңды жарияланбаған «Шаруашылық өзгеріс» мақаласы және орыс тіліндегі еңбектері енген.
Жалпы конференцияда төмендегідей мәселелер талқыланған:
• Ахмет Байтұрсынұлының еңбектері әлі жинақталып біткен жоқ. Сондықтан Ахаңның шығармаларына толық текстологиялық зерттеу жүргізу және әлі табылмаған, әлі жарияланбаған еңбектерін іздестіру жұмыстарын жасау қажет;
• Соңғы кездің өзінде Ахаңның Ленинге жазған үш хаты табылған. Осы үш хаттың өзінде Ахаңның ұлттық ұстанымы, саяси көзқарасы айқын көрінеді. Мұны тәуелсіз сананың тұрғысынан қайтадан зерттеу керек;
• «Алаш» ғылыми-зерттеу институтының директоры, алаштанушы ғалым, журналист Сұлтан Хан Аққұлұлы Ахаңның айдауда жүрген кезінде «Мәдениет тарихы» деген қолжазба еңбегі болғаны, оның әзірге табылмай жатқаны туралы айтты.
«Ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін» деген Ахмет Байтұрсынұлының осылайша ұлықталып жатқаны қуантады. Бұл да азаттықтың арқасы. Өйткені, қазақты аяусыз қырған «қызыл империя» тұсында Алаш арыстарының атын атаудың өзі қылмыс саналды. Ендеше, туған халқының бостандығы жолында құрбан болған қайраткерлердің барлығы да елдік пен ерліктің өшпес өнегесі ретінде әспеттеле беруі керек.
Ұлт ұстазының есімі жаңғыра берсін!