Бүгін Шет тілдер кафедрасында Ғылым апталығы аясында «Көптілді білім беру жағдайында функционалдық сауаттылықты дамытуға арналған эксперименттік алаң» ашылды.
Рәсімге университет басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушылар қатысты. Лента қию рәсімі филология ғылымдарының докторы, профессор Арап Еспенбетов пен Басқарма мүшесі – әлеуметтік және тәрбие жұмысы жөніндегі проректор Мақсат Карибаевқа берілді.
Алғы сөз сөйлеген университет басшысы Бауыржан Ердембеков кафедра ұжымына алғысын білдіріп, кабинет ашу үрдісі Филология факультетінде қарқынды дамып келе жатқандығын тілге тиек етті.
Өз кезегінде Шет тілдер кафедрасының меңгерушісі Бақтыгүл Абдыханова оқу орны басшылығы мен ұжымға ризашылығын білдірді. Меңгерушінің айтуынша, кабинетті жабдықтау филология ғылымдарының кандидаты, профессор Гайнигуль Исмаилованың гранттық қаржыландыруымен мүмкін болды.
- Осы кабинеттегі интерактивті панель, тақта, безендірулер жоба қаржысына жасалды. Гайнигуль Кабидуллиновнаға кафедра атынан алғыс айтамын, ғылымдағы табыстарыңыздың ауқымы арта беруіне тілектеспіз. Сондай-ақ, осы кабинеттегі мебель, жөндеуден өткізуге қажетті болған заттардың барлығы кафедра оқытушылары мен кафедраның 1999 жылғы белсенді түлектерінің қаржылай қолдауы арқасында алынғанын атап өткім келеді,- деді Бақтыгүл Айдапкелқызы.
Аталған кафедрада бір жыл көлемінде «Оқу-әдістемелік кабинет», «Лингвистикалық кабинет», «Аудио-видео ресурстар кабинеті», «Орыс тілі мен әдебиеті кабинеті», «Лингвофондық кабинет» сияқты 5 кабинет толықтай жабдықталды.