Бүгін Шәкәрім жоғары колледжінің түлектеріне салтанатты түрде диплом табысталды.
Биыл колледжді 17 оқу бағдарламасы бойынша 132 студент тәмамдады. Олардың ішінде 5 түлек қызыл дипломға ие болды.
Басқарма Төрағасы Бауыржан Ердембеков болашақ жас мамандардың еліміздің өркендеуі жолында сүбелі үлес қосатындығына, алдағы уақытта қасиетті Шәкәрім университетіне оқуға түсіп, одан әрі білімдерін жетілдіретіндігіне тілектестігін білдірді.
Семей қаласының №13 Өрт сөндіру бөлім басшысының орынбасарлары Бейбіт Еркінұлы мен Алмас Алтынбекұлы, Семей қаласының «Семей-Вет» ветеринария бөлімінен Мазира Фурхатқызы жас мамандарға диплом табыстап, жұмысқа орналасуға жолдама берді.
Шәкәрім жоғары колледжі 2016 жылдың 16 тамызында Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің Ғылыми кеңес шешімімен университеттің құрылымдық бөлімшесі ретінде құрылды.
«Бұл күннің жүректерде жатталып қалары сөзсіз. Үлкен өмірге жолдама алып отырған жастардың жанарынан өз мамандығына деген кәсіби көзқарас, ұшқын байқалады. Колледж студенттерінің жұлдызды шеруінің өзінен-ақ, олардың биік мақсатқа өрлеп келе жатқанын сөзсіз жүрекпен ұғып, ерекше қимастықпен қарадық», – деді колледж директоры Тоты Абдикаримова.
Салтанатты жиынға университет басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы, ата-аналар мен түлектер қатысты.
Оқытушылар мен ата-аналар алдында барлық колледж бітіруші түлектер атынан оқуда озат, қоғамдық жұмыста белсенділік танытқан студенттер сөз сөйлеп, колледж ұжымына алғысын білдірді.
Сонымен қатар Шәкәрім жоғары колледжінің 2022 оқу жылына қабылданатын студенттерге арнайы «2+2» және «3+2» бағдарламасы енгізілген. Бұл дегеніміз оқу жылын толық аяқтаған студент Шәкәрім университеті дипломының иегері атанды.
Біздің барша қарлығаштарымыздың әлі талай биіктің белестерінен көрінеді деген сенімдеміз, жолдарыңыз болсын – жас түлек!