Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі22 сәуір 2022мерейтой

МАРЖАН СӨЗДЕН ТІЗІЛГЕН МОНШАҚ немесе РУХАНИ ҚҰНДЫЛЫҒЫ МОЛ МЕРЕЙТОЙ

Шәкәрім университетінде ақын, «Абай» журналының Бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Мұратбек Қабиденұлы Оспановтың 60 жас мерейтойына және ұлт руханиятының ұстыны «Абай» журналының 30 жылдығына орай «Алаштың алтын қазығы» атты әдеби-танымдық кездесу кеші өтті.

Кездесу кешіне Нұр-Сұлтан, Алматы, Қызылорда мен Абай елінің іргелі де ірі ақын-жазушылары, зиялы қауым өкілдері, нақтырақ айтсақ мерейтой иесінің курстастары, достары, қызметтес болған әріптестері арнайы келді. Сондай-ақ, шараға қала басшылығы, университет ұжымы, студент жастар қатысты.

Тағылымы мол шара университет ректоры Бауыржан Ердембековтың алғы сөзімен ашылды. Бұл той тек Мұратбек Қабиденұлының емес, «Абай» журналының, поэзияның тойы екендігін тілге тиек еткен Бауыржан Аманкелдіұлы қазақы дәстүрмен кеш иесінің иығына шапан жапты.  

Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары журнал редакциясы тұрақты ғимарат таппай, әр жылдары әртүрлі нысанды жалға алып отырған. Бұл мәселе хәкім шығармаларын насихаттап жүрген шығармашыл топ-редакцияның шымбайына батып жүргені де рас. Бұл орайда Б.Ердембеков:

: «Шәкәрім университетінен «Абай» журналына арнайы кабинет ашамыз. Тарихын тереңге тартқан журналдың кабинетінде тек журнал тарихы ғана емес, сонымен бірге Семей өңірінің мәдени, тарихи, әлеуметтік-тұрмыстық және әдеби-өлкетану өмірінің шежіресі сыр шертетін болады",- дей келе білім алушылардың дипломдық, магистрлік тақырыптары «Абай» журналымен байланыстырылатындығын да мәлімдеді.

Кеш барысында алыстан ақ тілегін арқалап келген зиялы қауым өкілдері, әдебиет сүйер қауым мен белгілі журналистер сөз алып, ақынның шығармашылығы жайлы ой өрбітіп, тамаша естеліктерімен бөлісті. Журнал тарихы мен болмысы жайлы да аз айтылмады. Сондай-ақ, Филология факультетінің деканы, ф.ғ.к. А.Қадыров ақынның шығармашылығы жайлы баяндама жасады.

Есепте емес, есте қалар бұл кеш бұрынғыдан өзгерек еді. Жүрекжарды тілектер, ерекше естеліктер, тағылымды тарих, арнау өлеңдер, құлақтан кіріп, бойды алар жақсы ән мен тәтті күй де болды. Марапат пен мадақ, көрсетілген құрмет Мұратбек Қабиденұлының қазақ руханиятына, Абай әлеміне сіңірген еңбегін айқындап бергендей.

Шара аясында ақынның жазушылық, редакторлық, ақындық өнерімен бірге ұстаздық қызметі де көрініс тапты. Шәкірттері арнау арнап, өлеңдерінен үзінді оқыды.

Анықтама: Мұратбек Оспанов - Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі. Жыр сүйер қауымға «Сандықтас», «Дүние дидар», «Сүмбіле», «Жырұйық» сынды жыр жинақтарын сыйлаған ақынның шығармашылығы негізінен азаматтық лирикадан тұрады.