Мектеп оқушысын жастайынан бейімі мен қабілетіне сай белгілі бір кәсіпке, мамандыққа бағыттау, кәсіби бағдарлау, кеңес беру – аса маңызды іс. Өйткені тек өз мамандығын, қызметін дұрыс таңдаған адам ғана келешекте өз ісін сүйіспеншілікпен атқарып, өзіне де, отбасына да, қоғамға да пайда әкелетіні, өзі де бақытты болатыны сөзсіз.
Ерте кәсіптік бағдар беру жұмысының маңыздылығын ескере отыра, ағымдағы оқу жылында мектептерде кәсіптік бағдар беруші лауазымы енгізіліп отыр.
Алайда әр жаңа қызмет арнайы дайындықты талап етері сөзсіз. Сол себепті бүгін Шәкәрім университеті мектептегі әріптестерді қолдау, кәсіптік бағдар беру жұмысын ұйымдастырудың әдіснамасын талдау мақсатында ғылыми-практикалық семинар ұйымдастырды. Семинар жұмысына Семей қаласы барлық мектептерінің кәсіби бағдар берушілері қатысты.
Басқарма мүшесі - академиялық мәселелер жөніндегі проректор Индира Оралканова өз сөзінде мамандық таңдауда оқушылардың 87% ата-анасы мен мұғалімдердің пікіріне/ ықпалына сүйенеді, ал ата-аналар (75%) өз кезегінде балаларының қай мамандық иесі болатыны туралы білмейді деген мәліметті келтіре отырып, кәсіби бағдар берушінің өте қажетті маман екеніне тоқталды. Сондай-ақ, бүгінгі күні Шәкәрім шаңырағы агитациялық жұмыстан нақты профориентацияға бағытталғанын, осы жұмысқа мамандармен бірге студенттерде тартылғанын сөзге тиек етті.
Семинарда университет ғалымдары мектептерде тағайындалған тың мамандықтың міндеттері мен жұмыс мазмұны туралы ғылыми негізді ақпарат беріп, оқушымен жүргізілетін жекелеген практикалық жұмыс түрлерін де көрсетті.
Сонымен қатар, мектептегі кәсіптік бағдар беруші маманның мектептегі статусын белгілеу, жоғары оқу орны мен мектептер арасындағы кәсіби бағдар беру жұмыстарын үйлестіру сияқты мәселелер де қозғалып, талқыға түсті.
Семинар жұмысына қатысқан «Атамекен» ҰКП Семей қалалық филиалының өкілі Т.Е. Кәкімов мектептердегі кәсіптік бағдар беру жұмыстарын үйлестіруге өз ұйымдарының белсене қатысуға әзір екенін атап өтті.
«Қазіргі таңда мектеп оқушыларына кәсіби бағдар беру жұмыстары қайтадан жандана бастады. Біз бүгінгі игілікті шарада үйренген дағдыларымызды талдай отырып, кәсіби бағдар беру жұмыстарының маңызын үлкен сұранысқа ие болуда деп білеміз»,- деді Шәкәрім атындағы үш тілде оқытатын көпбейінді гимназияның мұғалімі Асқар Беккасымов.
Өз қызметінің мән-жайына қаныққан қатысушылар семинардың дер кезінде және мазмұнды болғанына ризашылықтарын айтып тарқасты.