Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі29 сәуір 2022зейнолла тоқаев, профессор, оқу кабинеттерін ашу

ПРОФЕССОР ЕСІМІ ҰЛЫҚТАНҒАН КҮН

Шәкәрім шаңырағында дәстүрге айналған тамаша бір үрдіс бар. Ол белгілі тұлғалардың есімімен оқу кабинеттерін ашу. Осы уақытқа дейін әйгілі тұлғалардың есімдерін ұлықтау мақсатында қара шаңырақта 20-ға жуық кабинеттер мен ғылыми кітапханалар ашылды. Бүгінгі тағылымды шара Ветеринария және агроменеджмент факультетінде болды.

Бүгін Шәкәрім университетінде ветеринария ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары Академиясының академигі, РФ профессоры Зейнолла Тоқаев атындағы мамандандырылған кабинеттің ашылу шарасы өтті. Кабинеттің ашылу салтанатына университет басшылығы, қала әкімдігі, профессор-оқытушылар құрамы, студенттер мен ветеринария саласының өкілдері қатысты.

Игі шара ағаш көшеттерін отырғызу рәсімінен бастау алды. Алғы сөз алған Семей қаласының әкімі Бахытжан Байахметов мұндай игі шаралардың Шәкәрім университетінде жүзеге асып жатқандығы жастардың бойына ұлттық құндылықтарды қалыптастыру үшін маңызды әрі үлгі-өнеге екендігін айтып, профессордың ұлт руханиятына, қаланың әлеуметтік дамуына өлшеусіз үлес қосып келе жатқандығын тілге тиек етті. Басқарма мүшесі – Ғылым және инновация жөніндегі проректор Жанар Молдабаева ғалымның қажырлы еңбегі турасында сөз қозғады.

Кабинеттің лентасын қию рәсімін әріптестері Молдабек Жанболатов мен Малдыбай Мусин жүргізді. 20 орынға арналған кабинет ғалым-ұстаздың демеушілігімен жасақталды. Бұл кабинетте аталған факультеттің ветеринария мамандығы студенттерінің лабораториялық және практикалық сабақтары өтетін болады. Бұдан бөлек, аталған аудитория заманауи техникалармен жабдықталып, білім алушылардың біліктілік сапасын арттыруға оң ықпал етеді. Кабинетте Зейнолла Қалымбекұлының өмірі мен шығармашылығы жайлы деректер, фотошежірелер қойылған.

Зейнолла Қалымбекұлы Тоқаев білім ордамызда 53 жылдан астам еңбек етіп келеді. Бүкіл саналы өмірін ауыл шаруашылығының жоғарғы білімі мен ғылымына сарп еткен елімізге белгілі ғалымдардың бірі. Қарапайым аспиранттан, институт ректоры лауазымы қызметтерін атқарған. Бүгінгі таңда Семей қаласы аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы қызметін атқаруда.