Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі16 қараша 2022білім, кездесу, министр, университет делегациясы

ҚР Оқу-ағарту министрі А.Қ. Аймағамбетов Абай еліне ат басын бұрды

Бүгін ҚР Оқу-ағарту министрі А.Қ. Аймағамбетов Абай еліне ат басын бұрып, облыс жұртшылығымен кездесті.
Өңірдің көпсалалы оқу орны, педагог мамандарды даярлайтын Шәкәрім университеті аталмыш жиынға қатысты.
Кездесуде өзекті мәселелер көтеріліп, сүбелі ойлар мен ұсыныстар берілді.
Осы орайда педагог мамандарды даярлаудағы бірқатар жұмыстарға тоқталуды жөн санаймыз.
Баршаңызға мәлім, соңғы жылдары педагог мәртебесін көтеруде бірқатар үлкен жобалар іске асырылды және ол өзінің оң нәтижесін беруде. Атап айтар болсақ, биылғы оқуға қабылдау науқаны көрсеткендей, мұғалім боламын деген, бірінші етіп мұғалімдік мамандықты тандаған талапкерлердің саны күрт өсті.
Сондай-ақ, тапсырушылардың басым бөлігінің ҰБТ нәтижесі 100 балдан жоғары. Демек, дарынды, білімді жастар мұғалімдік мамандыққа бет бұрды.
Педагогикалық мамандықтың түлектері өз біліктіліктерін дәлелдеу және жұмысқа орналасу үшін ҰБТ-ға деген көзқараста өзгеруде.
Бүгінгі жиында университетте теориялық білім ғана беріледі деген әріптесіміздің пікірі ойландырарлық... Дегенмен, университеттің профессорлық-оқытушылар құрамы осы ойды өзгертуге ат салысуда. Мысалы, барлық білім беру бағдарламалары толық сүзгіден өткізіліп, жұмыс берушілерді тарта отыра, қайта құрастырылып бекітілді.
Практика базаларын іріктеуде «саннан сапаға» деген ұстанымға келіп, арнайы критерийлермен базалар таңдалып, қайта бекітілді. Ал практика жетекшілеріне деген талап күшеюде. Сонымен қатар, практикаға бөлінетін кредит саны ұлғайтылып, 27-ні құрады.
Тәжірибелі практик-педагогтар сабақ беруге университетке тартылу тәжірибесі өзінің оң нәтижесін беруде.
Сондай-ақ, ерте кәсіптік бағдар беру жұмысы да қолға алынуда. Осы бағытта «ЖОО – мектеп» кластері негізінде жұмыс жүргізілуде. Себебі «Бүгінгі оқушы – ертеңгі студент – болашақ маман», сол себепті тығыз байланыссыз сапаны жоғарлату мүмкін емес.
Аталған ұстанымды басшылық ете отыра, «Шәкәрім керуені» жобасы әзірленіп, аудандарды аралап, ауыл мектептерімен тығыз қарым-қатынас орнатудамыз.
Бүгінгі өзекті мәселе – сапалы кадрларды даярлауға, "Балабақша - Мектеп - Университет" қоян-қолтық жұмыс жүргізу арқылы шешімін табады.
Әріптестерге сәттілік!