Шәкәрім университетінің «Үш анық» конференц-залында Қазақстан Республикасының Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімхановтың Абай облысының тұрғындарымен кездесуі өтті. Кездесу барысында ол жиналған қауымды еліміздегі отын-энергетика саласында іске асырылып жатқан жобалар жайлы хабардар етіп, тұрғындардың сауалдарына жауап берді.
Сұңғат Қуатұлы биыл елімізде алғаш рет «Жылу энергетикасы туралы» Заң қабылданғанын атап өтті. Бұл құжат жылумен жабдықтау жүйелерінің сапалы жұмыс істеуі мен дамуы үшін жылу энергиясын өндіру, беру, өткізу және тұтыну үдерісінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейтін болады.
Энергетика вице-министрі жеткізген жағымды жаңалықтың бірі қазір инфрақұрылымын дамыту мәселесіне ерекше назар аударылып отырған Семей қаласында жаңа жылу электр орталығы салынатындығы болды. Биылғы сәуір айында ҚР және РФ Энергетика министрліктерінің арасында әріптестік туралы Үкіметаралық келісімге қол қойылған. Сонымен қатар, Абай облысында Жел электр стансасын салу да жоспарда бар екен.
Кездесуде өңірді газдандыру мәселесі де айтылды. «Өңірді көгілдір отынмен қамтудың екі жолы қарастырылып отыр. Оның бірі "Бейнеу - Бозой - Шымкент" газ құбыры арқылы Қазақстанның батысынан жеткізу болса, екінші жолы – Ресей Федерациясы – Қытай Халық Республикасы бағытында түсетін газ құбырына қосылу. Бұл бағытта зерттеулер жүргізіліп жатыр»- деді Сұңғат Есімханов.
Энергетика вице-министрімен болған кездесу барысында тұрғындар көктемгі егіс науқаны мен күзгі жиын-терім маусымында жанар-жағармайдың қымбаттап кететіндігі, кадр тапшылығы, жоғары оқу орындарында энергетик мамандар дайындау қажеттігі, атом электр стансасын салуға қатысты өздерін толғандырып жүрген сауалдарын қойып, сұрақтарына тұшымды жауап ала алды.