Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі23 маусым 2022спорт, атаулы кабинет

СЕРІК ҚОРЖЫКЕНОВ АТЫНДАҒЫ АРНАЙЫ КАБИНЕТТІҢ АШЫЛУ САЛТАНАТЫ ӨТТІ

Байрақты бәсекелерде еліміздің туын желбіретіп, әнұранымызды шырқатып жүрген әйгілі спортшыларымыз кейінгі толқын жастарға үлгі болып жүрген тұлғалар. Олардың жеңістері әрине бапкерлерінің арқасы.
Бүгін Шәкәрім шаңырағы тағы бір атаулы дәрісханамен толықты. Дәстүрге айналған шара спорт әлеміне аяқ басып, спортты мәңгі «мекеніне» айналдырып, саналы ғұмырын спортқа арнаған Серік Қоржыкеновке арналды.
Серік Қоржыкенов –Шәкәрім университетінде 44 жылдан астам уақыт еңбек еткен ұлағатты ұстаз. ҚазКСР-інің еңбек сіңірген жаттықтырушысы, «Құрмет» орденінің иегері, ҚР құрметті спорт қайраткері, «Жылдың үздік жаттықтырушысы» марапаттарының иегері. Спорт саласында үлкен жетістікке жеткен З.Шаймарданов, Е.Конкиев, А.Нұғымаров сынды мықты алпауыт азаматтарды тәрбиелеп, көк байрағымызды әлемдік аренадан желбіреткен бапкер.
Салтанатты рәсімге университет басшылығы, елімізге белгілі спорт саңлақтары және әріптестері қатысты.
Атаулы кабинеттің лентасын шәкірттері Зекен Шаймарданов пен Думан Жармұхаметұлы қиып, ардагер ұстаздар шашу шашты.
Басқосуда университет ректоры Бауыржан Ердембеков жаттықтырушының спорт саласы мен қара шаңырақтағы орны ерекше екенін айтып, жаңа кабинетке атақты бапкердің есімі берілуі оған деген зор құрметтің белгісі екендігін жеткізді.
— Белгілі тұлғалардың есімімен оқу кабинеттерін ашу — бұл университетімізде қалыптасқан жақсы бір дәстүр. Бұл үрдіс Абай облысынан шыққан әйгілі тұлғаларды насихаттау мақсатында «Семей рухы» деген үлкен жоба аясында іске асып отыр. Өйткені, сол тұлғаларлың өмірі, шығармашылығы мен қайраткерлігінен бүгінгі жастар тәрбие алуы қажет. Бұл – ұрпақ жадында қазақтың біртуар тұлғаның есімін сақтауға бағытталған шара деп ойлаймын, — деді ректор.
Кабинет ұлы әрі шәкірті Ерлан Серікұлының бастамасымен «Түлектер» қауымдастығының атынан берілген алғашқы сый. Қарашаңырақта бірге қызмет атқарып, әріптес болған «Құрмет» орденінің иегері З.Тоқаев пен в.ғ.д., профессор С. Дюсембаев құттықтау сөз сөйлеп, ізгі тілектерін жолдады.
Шәкірттерінің атынан сөз сөйлеген «Әлем барысы» А.Нұғымаров бүгінгі шараның маңыздылығын айтып, осындай мүмкіндік берген университет басшылығына ризашылығын білдірді.
Жиын барысында Басқарма төрағасы Бауыржан Аманкелдіұлы «Шәкәрім» медалін табыстап, ұлағатты ұстазға шапан жапты. Өз кезегінде Серік Қоржыкенов жаңа кабинеттің заманға сай жабдықталғанына риза болып, оқу орнының ұжымына және шәкірттеріне жылы лебізін айтты.
Оқу кабинетінде бапкердің өмірбаяны мен суреттері, жетістіктері қойылған.
Жаңа дәрісхана құтты болсын!