Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі17 наурыз 2022студенттер, мисс шәкәрім

ШӘКӘРІМ АРУЫ АНЫҚТАЛДЫ

Қыз тәрбиесі – ұлт байлығы демекші Шәкәрім шаңырағында дәстүрлі «Miss Shakarim» сұлулар байқауы өтті. Байқауға әр факультеттен 2 ару қатысты.
Сырлы да, сынды байқаудың шымылдығын Шәкәрім университетінің Басқарма мүшесі - әлеуметтік және тәрбие жұмысы жөніндегі проректор Б.Иісбек ашты. Проректор өз сөзінде қазақ халқы қашаннан қыз баланың тәрбиесіне жіті назар аударып, қызды қонақ деп құрметтегендігін айтып, Шәкәрім аруларына сәттілік тіледі.
Үміткерлер әуелі көрермен қауымға өзін-өзі таныстырып өтті. Келесі бөлімде университет арулары өз өнерлерін барынша ортаға салды. Арулар мың бұрала би билеп, әуелетіп ән айтып, ақын шығармаларынан көрініс қойды.
Сұлу да сымбатты, білімді де өнерлі, ұлтымыздың салт-дәстүрі мен мәдениетін жетік білетін арулар сайысы 5 кезеңнен тұрды.
Сайысқа әділ қазылар алқасының төрайымы Тәрбие жұмысы және жастар саясаты бөлімінің басшысы А.Төлеуханов, "Дулатова Дресс Семей" брендінің негізін қалаушы А.Дулатова, "Қазақ аруы - 2020" байқауының финалисті Б.Мәулетқажы, "Мисс Шәкәрім - 2019" А.Ассенова бар шеберліктерін салып өнер көрсеткен аруларды сұлулылығы мен сымбаттылығы, ақылдылығы, инабаттылығы, өзін-өзі ұстай білуі, өнері, ән айту, би билеу, мәнерлеп оқу, білім деңгейлеріне қарап бағалады.
Тартысты сайыстың нәтижесінде Бас жүлдені Жаратылыстану-математика факультетінің студенті Дана Рахымғалиқызы иеленді. 1 - орын Филология факультетінің студенті Г.Жүнісқазықызы ; 2 - орын Гуманитарлық-экономика факультетінің А.Құндақбаева ; 3 - орын Инженерлік-технологиялық факультетінің А.Сайлаугазыева ие болды.
Сайысқа қатысқан арулар түрлі номинациялармен марапатталды.
 
Айта кетейік, аталған байқау Пуэрто-Рикодағы «Әлем аруы – 2021» 70-ші мерейтойлық байқауымен тұспа-тұс келді.