Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі30 қазан 2024форум

ШӘКӘРІМ АТЫНДАҒЫ УНИВЕРСИТЕТ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАҒЫТЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАЙЛАНЫСТАРДЫ НЫҒАЙТУДА

2024 жылғы 25 қазанда Янлин демонстрациялық аймағында 31-ші Янлин ауыл шаруашылығы көрмесінің аясында Шанхай ынтымақтастық ұйымының қазіргі ауыл шаруашылығы мәселелері бойынша дөңгелек үстел отырысы өтті.  Мұнда «Ауыл шаруашылығының тұрақты дамуы – ақылды ауыл шаруашылығы және жасыл даму» тақырыбы талқыланды. Кездесуге Қазақстан, Ресей, Иран, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Пәкістан, Моңғолия, Камбоджа, Беларусь және басқа елдердің ауыл шаруашылығы министрліктерінің өкілдері қатысып, пікірлесті әрі тәжірибе алмасты.

 

Бұл іс-шараға Шәкәрім атындағы университет өкілдерінің қатысуы университеттің серіктестік желісін кеңейтудегі және халықаралық аренадағы мәртебесін нығайтудағы маңызды қадамы болды. Қытайдың Янлин қаласына жасаған сапары барысында университет делегациясы жетекші білім беру және өндірістік ұйымдармен жаңа серіктестік орнатты. Бұл азық-түлік қауіпсіздігі және ауыл шаруашылығы саласындағы ғылыми ынтымақтастық пен тәжірибе алмасуды нығайтуға мүмкіндік береді.

 

Сапар барысында бірнеше стратегиялық ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойылды:

 

«Қазіргі заманғы ауыл шаруашылығы саласындағы Янлин халықаралық ынтымақтастық компаниясымен» келісім. Бұл келісім ауыл шаруашылығы саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға бағытталған, оның ішінде картоп өсіретін демонстрациялық парк құру қарастырылған. Парк негізінде жаңа сорттар сынақтан өтіп, қазіргі заманғы егу әдістері енгізілетін болады. Ынтымақтастық, сондай-ақ, мал шаруашылығын да қамтып, өнім сапасы мен ауыл шаруашылығы жануарларының өнімділігін арттыруға, озық технологиялар мен басқару тәжірибелерімен алмасуға мүмкіндік береді.

 

«Солтүстік-Батыс орман және ауыл шаруашылығы университетінің сертификаттау орталығымен» келісім. Бұл келісімге қол қою рәсіміне Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Қуанышұлы Тасжүреков қатысты. Вице-министр мұндай келісімге қол қою бастамасына толық қолдау білдіріп, органикалық ауыл шаруашылығы стандарттарын дамытуға қызығушылық танытты. Бұл серіктестік сертификаттау саласында кадрларды бірлесіп даярлауға, соның ішінде қазіргі заманғы стандарттар туралы тұрақты кеңес алып, ақпарат алмасуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, мұндай алмасу Қазақстан мен Қытай арасындағы стандарттарды үйлестіруге ықпал етіп, қазақстандық өнімнің экспорттық әлеуетіне және еліміздің өндірушілерінің Қытай нарығына шығуына оң әсерін тигізеді.

 

Jinshahe Group-пен меморандум. Қол қойылған меморандум оқытушыларға тағылымдамадан өту, ал студенттерге компанияның өндірістік базаларында тәжірибеден өту мүмкіндігін береді. Ынтымақтастықтың негізгі бағыттары дәнді дақылдарды өңдеу және макарон өнімдерін өндіру болып табылады, бұл студенттеріміздің кәсіби дағдыларын айтарлықтай арттырады. Бұл сапар студенттер мен оқытушылардың ғылыми, білім беру және кәсіби дамуына ықпал ететін ұзақ мерзімді серіктестік қатынастарды орнатудағы маңызды қадам болды. Мұндай маңызды жетістік Қазақстан мен Қытай арасындағы агротехнологиялар және тұрақты даму саласындағы байланыстарды нығайтады.