Бүгін «Шәкәрім керуені» жобасы аясында Басқарма төрағасы Бауыржан Ердембеков пен Абай облысы білім басқармасының Жарма ауданы Білім бөлімінің басшысы Қанат Шаймұратов өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Меморандум «Мектеп – ЖОО» кластеріне қатысты тиімді жұмыс түрлерін жүзеге асыру, инновациялық білім беру және ғылыми қызмет саласындағы ынтымақтастықты нығайту, қосымша жалпы білім беретін және ғылыми бағыттағы бағдарламалар мен жобаларды іске асыру, мектептегі оқушыларға ерте кәсіптік бағдар беру жүйесін дамытуға бағытталған.
Іс шара барысында Қанат Шаймұратов бөлімнің отандық білім беру мекемесімен ынтымақтастығының маңыздылығын атап өтті. «Бәсекеге қабілетті білімді ұрпақ тәрбиелеу ісі ұстаздарға жүктелер жауапкершілік жүгін еселейді. Сондықтан да, ұстаздар әр уақыт заман талабына сай білімі мен біліктілігін жетілдіріп отыруы шарт. Осы мақсатта Шәкәрім университетімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойдық, себебі оқу орны – ұлттық ғылым мен мәдениеттің ірі орталықтарының бірі, ол жоғары кәсіби мамандарды ғана емес, сонымен қатар әр түрлі ғылыми бағыттағы жас ғалымдар мен білікті педагогтарды дайындаумен айналысады»,- деді бөлім басшысы.
Өз кезегінде Бауыржан Аманкелдіұлы болашақ педагогтарды сапалы даярлау үшін бірлескен іс-шаралар, ғылыми бағдарламалар мен жобаларды жүзеге асыруға дайын екендігін білдіріп, «Абайтану» атты авторлық кітабын ауданның барлық мектептерінің кітапхана қорына табыстады.
Екі жақты кездесу барысында тараптар ЖОО мен Жарма ауданының білім бөлімдері арасында кадрлар біліктілігін арттыру және қайта даярлау курстарын жүргізу, аудандық мектептермен байланыс орнатып, олардың базасында университет кафедраларының филиалдарын ашу жұмыстары бойынша тиімді мәселелерді ортаға салды.
Басқосуда білім беру саласын ілгерілетуге байланысты маңызды ойлар айтылды, болашаққа бағдарланған жаңа жоспарлар талқыланды. Меморандум аясында университет пен білім бөлімі өзара сенімді серіктес атанып, интеграцияланған оқу жоспарларын, білім беру бағдарламалары мен ғылыми жобаларды бірлесіп әзірлейді. Мектеп базасында бірлескен қосымша жалпы білім беру бағдарламаларын іске асырып, білім және ғылым саласында бірлескен жаңа жобаларды жүзеге асырады.