Бүгін Шәкәрім университетінде Абай облысы әкімдігімен бірлесе «SHAKARIM FORUM: тың идея, жаңа қадам» форумы аясында ғұлама ақын Шәкәрім Құдайбердіұлының 165 жылдығына арналған «Шәкәрім оқулары – 2023» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті.
Конференция жұмысына ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев, Абай облысының әкімі Нұрлан Уранхаев, ҚР Парламенті Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп, ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Ахмед-Заки Дархан, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Қайрат Тастекеев, Айнұр Арғынбекова, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов, философия ғылымдарының докторы, профессор Ғарифолла Есім, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов, бауырлас түрік елінен PhD, Афион Қожатепе университетінің профессоры Қаһраман Хусейн, отандық және шетелдік ғалымдар мен оқытушылар, Шәкәрім Құдайбердіұлының ұрпақтары, ғылыми қызметкерлер, зиялы қауым өкілдері, сондай-ақ университеттің білім алушылары қатысты.
Жиында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтау бейнеролигі бұқара халыққа көрсетілді.
Конференция жұмысын Шәкәрім университетінің Басқарма Төрағасы-Ректор Думан Орынбеков алғы сөзімен бастады:
«SHAKARIM FORUM: жоғары білімдегі жаңа көкжиектер» деген атпен жыл бойы бірқатар ауқымды іс-шаралар өтті. Бұл – тек әдебиеттанушы, тарихшыларды ғана емес, әртүрлі сала мамандарының басын қосқан, өзекті мәселелерін талқылаған, болашағын бағдарлаған басқосу. Күні кеше құрылған Абай облысының өркендеуіне, қуатты өңірге айналуына ықпалын тигізер бастамалар деп есептейміз. Бұл мереке барша Алаш жұртының айтулы мерейтойы деп бағалауымыз қажет”, - деді Думан Рымғалиұлы.
Жиында Маулен Әшімбаев конференцияның маңыздылығына тоқталып, ғұлама философтың есімін иеленген білім ордасына сәттілік тіледі.
«Қадірлі Абай елі, құрметті қатысушылар! Бүгін өздеріңізбен кездесіп отырғаныма қуаныштымын. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың шешімімен өткен жылы Семей өңірі өз алдына жеке облыс ретінде қайта құрылған болатын. Бұл шын мәнінде өңір халқы көптен күткен және ұлтымызды тұтас қуантқан тарихи шешім болғаны анық. Облысқа ұлы Абайдың есімін беру сол қуанышты одан әрі еселей түскені сөзсіз. Қазіргі таңда бұл өлке тың серпінмен жаңаша қарқынмен дамуға бағыт алғанын көріп отырмыз. Алдағы уақытта Абай облысы көздеген мақсаттарға қол жеткізеді деп сенеміз, соған тілектеспіз және Сенаттың тарапынан тиісті қолдау көрсететін боламыз.
Құрметті қауым, Мемлекет басшысы «Өңірге облыс мәртебесін беретін кезде, біз тарихи әділдікті орнатып, ұлыларымыз дүниеге келген киелі өлкені қайта жаңғыртуға тиіспіз» деген еді. Соған байланысты облыста экономикалық, әлеуметтік бағытта көптеген жаңа бастамалар қолға алынып, іске асырылып жатыр. Оған осы өзіміз қатысып отырған «Шәкәрім оқулары-2023» ғылыми-практикалық конференция дәлел. Сондықтан бірінші кезекте конференция жұмысына табыс тілейміз», - деді Мәулен Сағатханұлы.
Конференция аясында «Абайдың есті сөздерінен...» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Бұдан соң Шәкәрім Құдайбердіұлының мұрасы және әлемдік әдебиеттегі орны жайында баяндамалар тыңдалып, ақынның тарихи-философиялық пайымдаулары негізінде шәкәрімтану мәселелері сөз етілді.
Конференция барысында еліміздің ғылым саласына сіңірген еңбегі үшін және университеттің стратегиялық дамуына үлес қосқан бірқатар ғалымдар марапатталды.
Шәкәрім бабамыздың шығармашылық мұрасы - халқымыздың ғасырлар бойы маңызын жоймайтын рухани қазынасы.